Биыл Ақмола облысында 14 елді мекенде газ желісінің құрылысы аяқталады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысында 14 елді мекенде ұзындығы 210 шақырым газ желісінің құрылысын аяқтау жоспарланған.

Бұл туралы аймақ басшысы Ермек Маржықпаев онлай режимде өтіп жатқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы туралы есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аймақ басшысының айтуынша, елорда маңындағы елді мекендерді «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосу үшін газ тарату желілерін салу бойынша жобаларды іске асыру жұмыстары жалғасуда.

«Бұл жұмыстар екі кезеңмен жүргізілуде. 1-ші кезең бойынша Аршалы және Целиноград аудандарының 35 мың тұрғыны бар 20 елді мекенінде 19 миллиард теңгеге газдандырудың 13 жобасы үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. (Аршалы ауданында Аршалы кенті, Анар және Бабатай станциясы, Жалтыркөл, Донецк, Ақбұлақ, Ақтасты, Арнасай, Түрген, Берсуат, Байдала ауылдары, Целиноград ауданында Ижевское, Шөптікөл, Волгодоновка, 42 Разъезд, Қойгелді Жібек жолы, Қоянды, Шұбар, Аққайың ауылдары)», - деді Ермек Маржықпаев.

Аймақ басшысы атап өткендей, сонымен бірге, 2-ші кезек бойынша Целиноград ауданының тағы 8 ауылын газдандыру бойынша құжаттама әзірленуде (бұл 95 мың тұрғыны бар Ақмол, Қосшы, Талапкер, Тайтөбе, Қараөткел, Қаражар, Қызылсуат, Алтынсарин ауылдары).

«Биыл облыстың 14 елді мекенінде ұзындығы 210 шақырым газ тарату желілерінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ал, келер 2022 жылы 6 ауылда ұзындығы 789 шақырым газ құбыры салынады», - деді Ермек Маржықпаев.


Соңғы жаңалықтар