Биыл Алматы экономикасынің көрсеткіштері өсті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен апта сайынғы аппараттық кеңесте әлеуметтік-экономикалық дамудың аралық қорытындылары, жылыту маусымының басталуы, жеке сектордың өртке қарсы қауіпсіздігі, халық санағының барысы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы экономикасының негізгі салаларында 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша экономикалық өсім жоғары. Мәселен, қаңтар-қыркүйекте қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109%-ды көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 752,8 млрд теңгеге жетіп, 117,8% болды.

Көлік және логистика саласындағы көрсетілетін қызметтердің нақты көлем индексі 2020 жылғы ақпаннан бастап алғаш рет оң динамиканы көрсетті және ағымдағы жылғы қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда 2,5%-ға ұлғайып, 101,2% болды. Өнеркәсіп саласында өндірілген өнім көлемі 1 трлн теңгеден асты, НКИ 120,1%. Бұл ретте өнеркәсіп өнімін өңдеу саласындағы НКИ 120,7 пайызды көрсетті. Сондай-ақ, электрмен жабдықтау және ыстық сумен қамтамасыз ету қарқынының 22,1%-ға, НКИ-122,1%-ға өскені байқалады. Сауда саласының қалпына келтіру өсімі жалғасты. Қаңтар-қыркүйекте бөлшек сауданың НКИ 112,6%-ды, көлемі – 2 трлн 948,8 млрд теңгеге жетті. Көтерме тауар айналымының НКИ-і 103,2%-ды құрады, ал көлемі 7,6 трлн теңге.

Байланыс қызметтерінің көлемі 13,9% өсіммен 437 млрд теңге болды. Бұл интернет желісіне қолжеткізуді ұсыну бойынша қызметтер көлемінің 16%-ға және ұялы байланыс қызметтері көлемінің 11,5%-ға өсуіне орай іске асты. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша 52,3 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындары – 34,7 мың, уақытша жұмыс орындары 17,6 мың.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев аталған салаларға жетекшілік ететін орынбасары Ілияс Өсеровке және Стратегия және бюджет басқармасының басшысына Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамды көрсеткіштеріне, нысаналы индикаторларға және Жол картасына қолжеткізу мәселесін бақылауда ұстауды тапсырды. Жылу беру маусымының басталуы жөніндегі мәселені қарау қорытындысы бойынша әкімнің орынбасары М. Әзірбаев аудан әкімдерімен, тиісті мемлекеттік органдармен және қызметтермен бірлесіп, жылу беру маусымының өтуін ерекше бақылауда ұстағандары жөн.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Р. Қасымбаевқа жеке тұрғын үй секторын аралауды жалғастыру, қауіпсіздік шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Қала әкімі халық санағы мәселесі бойынша тиісті қызметтерге Ұлттық бюроның статистика департаментімен бірлесіп санақ науқанын өткізу бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар