Биыл Алматыдағы қисайған 10 көпқабатты үйдің іргетасы нығайтылады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Зерделі» шағынауданында қисайып кеткен 17 көпқабатты үйді қайта қалпына келтіру қолға алынды. Оның 10-ы биыл, қалған жетеуі 2022 жылы нығайтылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні іргетасы нығайтылмаған 17 көпқабатты үй қалды. Мердігер компаниямен келісімшарт жасалды, биыл біз 10 үйді, келесі жылы қалған 7 үйді қайта қалпына келтіреміз», - деді Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков қаланың қоғамдық кеңесінің отырысында.

Айта кетейік, «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ «Зерделі-6» шағынауданында қисайып кеткен көпқабатты үйлерді зерттеу жұмысын 2020 жылдың қараша айында аяқтаған.

Өз кезегінде әкімдік былтыр «Зерделі» шағынауданында қисайған 7 үйдің қалпына келтірілгенін хабарлады. Аталмыш шағынауданда орналасқан барлық көпқабатты 32 тұрғын үйге тексеру жүргізу үшін 312 миллион теңге бағытталған.

Еске салайық, 2019 жылы Алатау ауданындағы «Зерделі» шағын ауданының тұрғындары үйлерінің қисайғанын айтып, дабыл қаққан болатын. Кейін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қисайған үйдің тұрғындарымен кездесіп, әкімдік оларды көшіруге дайын екенін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар