Биыл астанада 30 жәрмеңке өтіп, онда 7 мың тонна өнім ұсынылды - әкім

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл бас қалада еліміздің 14 облысы 30 азық-түлік жәрмеңкесін ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елордадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне еліміздің барлық өңірлері белсене қатысты. Бұл үшін елорда тұрғындары атынан алғыс айтамыз. Осы күнге дейін барлығы 30 жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда 7 мың тоннадан астам өнім астаналықтарға ұсынылды. Оның ішінде 700 тоннадан астам ет, 300 тонна сүт және сүт өнімдері, 200 тонна көкөніс жеткізілді. Және баға да нарықтан 10-15, кейде 20 пайызға дейін төмен болды. Бүгін екі облыс биылғы жәрмеңке кезеңін аяқтап отыр. Біз бұл практиканы одан әрі жалғастырамыз. Ендігі уақытта ірі мереке күндері ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Атап айтқанда, 1 желтоқсан, 16 желтоқсан және жаңа жылда өткіземіз. Мақсат – елорда халқын жиі тұтынатын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Қала басшысының айтуынша, елордада маңызды азық-түліктің баға тұрақтылығын сақтап тұруда аталған жәрмеңкелер маңызды рөл атқарады.

«Сондай-ақ, бізде тұрақтандыру қоры арқылы осы қазан айында 6 мың тонна ұн сатып алынды. Ол өз кезегінде елордада нан бағасының өспеуіне септігін тигізеді», - деді ол.

Айта кетсек, елордадағы «Хан-Шатыр» ойын-сауық алаңында Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылық өнім жәрмеңкелері өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар