Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн гектарға егіледі - АШМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн гектар алаңға егіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн гектар алаңға егу жоспарлануда, бұл 2019 жылғы деңгейден 238 мың гектарға көп. Бұл ретте дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алаңы 15,2 млн гектарды (193 мың гектарға кем), оның ішінде бидай алаңы 11,4 млн гектарды (4 мың гектарға кем) құрайды», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, егіс алаңдарын әртараптандыру мен рентабельділігі жоғары дақылдар өндіруге көшу жұмыстары жалғасуда. Майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғыдан 122 мың гектарға көп. Көкөніс-бақша дақылдары мен картоп алаңы 19,3 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңы 309 мың гектарға ұлғаяды. Техникалық дақылдар (қант қызылшасы, мақта, темекі) алаңы 132 мың гектарды (18,6 мың гектарға кем) құрайды.

«Қазіргі кезде оңтүстік өңірлер егіс науқанына кірісіп кетті. Мәселен, Жамбыл облысында 71,7 мың гектар алаңға немесе жалпы егіс көлемінің 10,2 пайызына, Түркістан облысында 33,5 мың гектар (4%), Алматы облысында 3,4 мың гектар (0,4%), Қызылорда облысында 2 мың гектар (1,1%) алаңға егіс егілді», - деді С. Омаров.

Ведомство мәліметіне қарағанда, солтүстік және орталық өңірлерде жаздық дәнді дақылдарды егу 15-30 мамыр аралығында, батыс және оңтүстік өңірлерде сәуірдің үшінші онкүндігінде және мамырдың бірінші онкүндігінде, шығыс өңірде таулы аймақта 30 сәуірден 25 мамырға дейінгі аралықта, далалы аймақта 15-25 мамыр аралығында жүргізіледі. Солтүстік өңірде майлы дақылдарды егу 20-25 мамырда, орталық, батыс және шығыс өңірлерде 5-15 мамыр аралығында, Павлодар облысында 1-15 мамыр аралығында жүзеге асырылады. Көп жылдық шөптерді егу қар ерігеннен кейін ерте көктемде барлық жерде жүргізіледі.


Соңғы жаңалықтар