Биыл ауылда тұрғын үй салудың жаңа тетігі енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл ауылда тұрғын үй салудың жаңа тетігін енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдан бастап 24,5 млрд теңге сомаға дәнді және майлы дақылдарды кепілді форвардтық сатып алу тетігі енгізілді және іске асырылды. Нәтижесінде 516,9 мың тонна дәнді және майлы дақылдар сатып алынды. Биыл 45,3 млрд теңге сомаға форвадтық сатып алуды өткізу жоспарланып отыр. Яғни бұл өткен жылмен салыстырғанда екі еседей көп», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту көбінесе ауылдық аумақтарды, оның ішінде ауылдағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қолдау жөніндегі бағдарламалардың тиімді іске асырылуына байланысты. Бұл бағытта Үкімет белсенді түрде іс-шаралар қабылдауда. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде тұрғын үй құрылысын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу жолымен дамыту, ауыл халқын сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын жөндеу бар.

«Бұдан басқа, биыл ауылда тұрғын үй салудың жаңа тетігін енгізу жоспарлануда. Ол ауылдарда қызметкерлер үшін тұрғын үй салу кезінде жұмыс беруші шығындарының 50 пайызын субсидиялауды көздейді. Бұл ауылдық жерлерге жас кадрларды тартуға мүмкіндік береді. Бұл бастаманы агробизнес бірнеше рет көтерді және Үкімет оны қолдап отыр», - деді Сапархан Омаров.


Соңғы жаңалықтар