Биыл ауылдарда 4 млн шаршы метр тұрғын үй салынады – Бейбіт Атамқұлов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл ауылдық елді мекендерде 4 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылдық елді мекендерде тұратын халықтың өмір сүру сапасын жақсарту - мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Бүгінгі таңда ауылдық жерлердегі тұрғын үй қоры - 1,8 млн тұрғын үй. Бұл жалпы қордың - 33,3 пайызы. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында 2025 жылға дейін 103 млн шаршы метр баспана салу жоспарланған. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде 24 млн шаршы метр үй салынады», - деді ол.

Министрдің дерегінше, биыл республика бойынша 17 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, Оның 4 млн шаршы метрі ауылдық елді мекендерде бой көтереді. Мемлекеттік бюджет есебінен 160 мың шаршы метр жалға берілетін баспана (2 мың тұрғын үй) салынады.

«2025 жылға дейін 235 мың жер учаскесін, оның ішінде ауылдық жерлерде 110 мың жер учаскесін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарлануда. Яғни, жыл сайын - 47 мың жер учаскесі, оның ішінде ауылдық жерлерде - 22 мың жер учаскесі. Биыл ауылдық елді мекендерде 23,6 млрд теңгеге 22,7 мың жер учаскесі инженерлік желілермен қамтамасыз етіледі», - деді Бейбіт Атамқұлов.


Соңғы жаңалықтар