Биыл Бекет атаның туғанына 270 жыл толады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Биыл Бекет атаның 270 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Тарихи орынды көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, 200 көшет отырғызылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бекет Мырзағұлұлы 1750-1813 жылдар аралығында өмір сүрген. Жастайынан сырт жауға қарсы соғыста ерлік танытқан ол сондай-ақ батыр, сәулетші, ағартушы, әулие кісі ретінде танылған.

Әулие туралы аңыз-әңгімелер мен тылсым оқиғалар көп. Солардың бірінде Бекеттің 13 жасында білім қуып Хиуаға барып, Шерғазы медресесінде Пақыржан қажы деген белгілі ұстаздан 7 жыл дәріс алып, кейін елге оралғаны, исламды уағыздап, шәкірт тәрбиелегені жайында айтылады.

Сондай-ақ, қазіргі күні пір Бекет салды деген бірнеше мешіт белгілі. Пайғамбар жасында өмірден өткен әулие өзі салған Оғландыдағы мешітке жерленген.

Бұл мешіт сайда орналасқандықтан, оған көлік жете алмайды. Сондықтан зиярат етушілерге жалғыз аяқ жолмен екі шақырымдай жерді жаяу жүріп өтуге тура келеді.

Жолай жалғыз қалып, ойланып, табиғаттың әсем көріністеріне сүйсіну мүмкіндігі де жоқ емес. Мұнда арқарлар көптеп кездеседі дейді жергілікті жұрт.


Соңғы жаңалықтар