Биыл бюджетке 10,2 трлн теңге түседі – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бюджет кірістері бойынша алдын-ала болжамдарын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенатта Ұлттық қордан 2022-2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы заң жобасы қаралып жатыр.

«Түзетілген макроэкономикалық болжам негізінде бюджет кірістері бойынша алдын ала болжам нақтыланды. Республикалық бюджет кірісі 2022 жылы 10,2 трлн теңге көлемінде бағаланады, бұл бекітілген жоспардан 955 млрд теңгеге жоғары. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттің мөлшері 4 030 млрд теңгеге дейін немесе 1 630 млрд теңгеге ұлғайтылады. Қаражат Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға бағытталатын болады», - деді Әлібек Қуантыров Сенат отырысында.

Оның айтуынша, 2022 жылы бюджет тапшылығын 2 978 млрд теңге немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 3,3% деңгейінде айқындау ұсынылады.

Республикалық бюджеттің шығыстарын түзетілген көлемге қатысты 2,7 трлн теңгеге ұлғайта отырып, 18,8 трлн теңге көлемінде айқындау ұсынылып отыр.

«Қорытындылай келе, 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы шеңберінде 2022 жылға арналған макрокөрсеткіштер мен бюджеттік параметрлердің болжамын нақтылау, бірінші кезекте Мемлекет басшысының тапсырмалары мен қабылданып жатқан шұғыл және жүйелік сипаттағы құжаттардың негізгі бағыттарын іске асыруға бағытталған», - деді Ә. Қуантыров.

Бұған дейін министр мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 АҚШ доллар деңгейінде айқындалғанын, осыны ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендегенін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар