Биыл ел экономикасының өсу болжамы 2,1% дейін төмендеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылға ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сенатта Ұлттық қордан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы заң жобасы қаралды.

«Назарларыңызға 2022 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамын нақтылау енгізіліп отыр. Макрокөрсеткіштер болжамы сыртқы экономикалық жағдайды, әлемдік экономиканың дамуын бағалау, сонымен қатар мұнай нарығындағы үрдістерді ескере отырып нақтыланды. Мәселен, жыл басынан бері ел экономикасының өсуінің оң серпіні байқалған. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларда 3,5%-ды құрады», - деді Әлібек Қуантыров Сенат отырысында.

Жыл басынан бері мұнайдың орташа бағасы барреліне 98 АҚШ долларын құрады.

Бұл ретте Дүниежүзілік қаржы ұйымдарының 2022 жылғы мұнай бағасына болжамы 74 АҚШ доллардан 105 долларға дейін қалыптасып отыр.

Осыған байланысты, макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 АҚШ доллар деңгейінде айқындалды.

«Осыны ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендетілді. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары. Ұлттық Банктің болжамынша экспорт 72,2 млрд АҚШ долларға дейін өседі. Импорт 40,2 млрд АҚШ долларды құрайды. Инфляция 8-10% аралығында анықталды», - деді Ұлттық экономика министрі.


Соңғы жаңалықтар