Биыл елімізде шегіртке 554 мың гектарға таралуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл үйірлі шегіртке 554 мың гектарға таралуы мүмкін. Бұл туралы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылы 554 мың гектар алаңда үйірлі шегіртке зиянкестері, оның ішінде итальяндық прус – 295,9 мың гектар, азиялық шегіртке – 164,2 мың гектар және мароккалық шегіртке 93,9 мың гектар алаңда таралуы мүмкін. Бұдан басқа, саяқ шегіртке зиянкестерінің таралуы 266,8 мың га алаңда болжанып отыр», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде.

Оның сөзіне қарағанда, үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Аталған қаражат пестицидтер мен химиялық өңдеу бойынша қызметтерді жоғарыда аталған алаңға сатып алуға мүмкіндік берді.

«Саяқ шегірткеге қарсы күрес жүргізу үшін жергілікті бюджет қаражатынан 555,1 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, орталық қоймада шегіртке зиянкестерімен күресу үшін жалпы ауданы 525,3 мың гектар алаңға есептелген 47,5 мың литр көлемінде пестицид қоры бар», - деді Алмабек Марс.

Үйірлі шегірткеге қарсы тиімді өңдеу жүргізу үшін пестицидтердің әртүрлі топтарының препараттары сатып алынды. Өңдеуге 148 арнайы бүріккіш техника тартылды.


Соңғы жаңалықтар