Биыл Қазақстанда 800-ге жуық ауыл әкімі сайланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жергілікті басқару өкілдерін тағайындауға қатысты өзгерістердің бірі - ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлауы. Осы орайда ауыл әкімдерін сайлау процесі қалай өтеді, сайлау туралы заңнамаға қандай өзгерістер енгізіліп жатқаны туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Ұлттық экономика министрлігі өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаментінің директоры Анар Бектөкенова айтып берді.

«Біздің министрлік ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу мақсатында 2020 жылғы жалпыұлттық жоспардың 139-тармағы шеңберінде сайлауға қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бірнеше заң жобасын әзірледі. Ол өзгертулер мен түзетулер «ҚР сайлау туралы» «Конституциялық заңға», «ҚР жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңға қатысты», - деді А. Бектөкенова.

Оның айтуынша, аталған заңнамалардың жаңашылдығы сол - жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы ауыл әкімдерін сайлау.

Сонымен қатар, саяси партиялар арқылы үміткерлерді ұсына алады немесе кандидаттың өзін-өзі ұсынуға мүмкіндігі бар.

«Одан басқа, әңгіме ауыл әкімін тіркеу, ұсыну, тағайындау және өкілеттігін тоқтату тәртібін белгілеу қатысты болып отыр. Және де өзін-өзі ұсынушылардың қолдарын жинау (тиісті округ тұрғындарының жалпы санының кемінде 1% дауысы), ауылдық округ әкімдері үшін біліктілік талаптарын алып тастау және тағы басқа талаптар жатады. Әзірлеушілердің пікірінше, ауыл әкімдерін тікелей сайлау азаматтарға өздерінің конституциялық құқығын толыққанды іске асыруға мүмкіндік береді. Сол сияқты жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың қажеттіліктері мен проблемаларына бейімділігін күшейтуге ықпал ететіні айқын. Ал бұл - өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалуы», - дейді ол.

Департамент басшысының мәлімдеуінше, биыл екінші жартыжылдықта ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы жарияланады.

Ол өкілеттік мерзімі 2021 жылы аяқталатын 800-ге жуық әкімге қатысты болып отыр.


Соңғы жаңалықтар