Биыл Қазақстанда ана мен баланы қолдауға 693 млрд теңге қарастырылған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы Қазақстанда ана мен баланы қолдауға 693 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда ана мен баланы қолдау 8 мемлекеттік жәрдемақыны және 3 төлемді қамтиды. Жалпы алғанда, бұл мақсаттарға 2020 жылы 693 млрд теңге қарастырылған. Биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 45 904 адам бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақы алды. Бұл мақсатқа 2020 жылы 45,2 млрд теңге бағытталады», - делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінде.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы бірінші, екінші, үшінші баланың туылуына берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 38 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) немесе 100 738 теңгені құрайды, ал төртінші және одан кейінгі балаға 63 АЕК немесе 167 013 теңге төленеді.

Жыл басынан бері жалпы сомасы 5,8 млрд теңгеге 138,8 мың адам бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы алды. 2020 жылы аталған жәрдемақыны төлеуге 39 млрд теңге бағытталады.

Жәрдемақының бұл түрі жұмыс істемейтін ата-аналарға беріледі. Ол отбасындағы кірістерге қарамастан тағайындалады.

2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 37,5 мың адам 14,7 млрд теңге сомасында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төлем алды. Биыл бұл мақсатқа 86,4 млрд теңге бағыттау жоспарланған.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыс істейтін ата-аналарға бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты төлемдер 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 234,7 мың адамға 15,3 млрд теңге сомасында төленді. Осы жылы төлемдердің жалпы сомасы 100,1 млрд теңгені құрайды», - делінген ведомство хабарламасында.

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 2020 жылы 43 657 теңгені құрады (1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейі). 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 87,727 адам жалпы сомасы 7,7 млрд теңгеге осы жәрдемақыны алды. Бұл мақсатқа 48,1 млрд теңге бөлінді.

18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең. 2020 жылы жалпы сомасы 1,3 млрд теңгені құрайтын мемлекеттік жәрдемақыны 14 349 адам алды. Биыл бұл мақсатқа 8,6 млрд теңге қарастырылған.

2020 жылы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға жәрдемақы төлеуге 47,5 млрд теңге бөлінді, төлемнің орташа мөлшері 16 967 теңгені құрайды . Ағымдағы жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша аталған жәрдемақыны 233,8 мың адам 8 млрд теңге сомасында алды.

2020 жылғы қаңтар-ақпанда мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге республикалық бюджеттен 46,3 млрд теңге, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты 12,2 млрд теңге бөлінді. 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны 521,4 мың адамды, асыраушысынан айырылу жағдайында 165,8 мың адамды құрайды.

Сонымен қатар, 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республикалық бюджеттен декрет демалысындағы жұмыс істейтін әйелдердің міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауға 434,4 млн теңге аударылды. Бұл қаражат МӘСҚ-тан бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем алатын 85 мыңға жуық адамның жеке зейнетақы шоттарына түсті.


Соңғы жаңалықтар