Биыл кейбір өңірде құрғақшылық болуы мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жем-шөп тапшылығын болдырмау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиісті жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидрометтің мәліметінше, жаздың алғашқы екі айында Қазақстанның батыс аймақтарында ауа температурасы нормадан жоғары, ал елдің шығыс аймақтарында қалыпты деңгейде болуы ықтимал. Тамыз айы салқындау болуы мүмкін. Облыстардың басым бөлігінде температура климаттық норма шегінде, сондай-ақ Қазақстанның солтүстігінде нормадан жоғары температура болуы ықтимал», - деп атап өткен Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚазАқпаратқа берген мәліметінде.

Сонымен қатар, синоптиктер маусым айында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын нормадан аз болады деп жариялады.

«Еліміздің солтүстік-шығыс аймақтарында жаңбыр жиі жауады. Елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысының таулы аудандарында жауын-шашын қалыпты деңгейде болуы мүмкін. Ал шілде мен тамыз айларында елдің басым бөлігінде климаттық нормаға жақын деңгейде жаңбыр жауады деп болжанып отыр», - делінген ведомство хабарламасында.

«Қазгидромет мәліметіне қарағанда, биыл кейбір оңтүстік өңірлерде, сонымен қатар Маңғыстау облысында құрғақшылық болуы ықтимал. Осындай жағдай өткен жылы да байқалған. Мал азығының тапшылығы бойынша өткен жылғы жағдайға жол бермеу мақсатында министрлік тарапынан мүдделі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді АШМ мамандары.

2022 жылдың қаңтарында 15 жүйелі іс-шараны көздейтін жем-шөп саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы жаздық егіс 23 млн гектарға жоспарланған.

Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 15,8 млн гектар, майлы дақылдар – 2,9 млн гектар, көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 475,5 мың гектар, жем-шөп дақылдары 3,7 млн гектар аумақты қамтиды.


Соңғы жаңалықтар