Биыл құрбан шалу рәсімі екі жолмен жүзеге асырылады - Бас мүфти

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы құрбан шалу рәсімін өткізу екі жолмен жүзеге асырылады. Бірінші жолы: мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді қатаң сақтай отырып «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізу.

Екінші жолы: еліміздің «қызыл» аймақтарында пандемия жағдайында өткен жылдың тәжірибесін қолданып, құрбан шалу рәсімін шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес qurban2021.kz сайты арқылы тек онлайн режимде жүзеге асыру», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бас мүфтидің айтуынша, qurban2021.kz сайты бүгін сағат 15:00-де іске қосылып, Құрбан айттың үшінші күні яғни 22-ші шілдеге дейін жұмыс істейді. Құрбан шалуға ниет еткен азаматтар осы аралықта тапсырыстарын бере алады.

qurban2021.kz сайты арқылы республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін 17 шілдеден бастап өтініш білдіре алады. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері және еріктілер айналысады.

«Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратын әр адамның мұсылмандық міндетін атқаруына ҚМДБ тарапынан ешқандай шектеу жоқ екенін жеткіземіз», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.


Соңғы жаңалықтар