Биыл Парламент 110 заң қабылдады – Мәулен Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы Парламент 100-ден астам заң қабылдады. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Енді санаулы күндерден кейін Жаңа жылды қарсы аламыз.

Шын мәнінде биылғы жыл оңай болған жоқ. Пандемия адамзаттың қалыпты өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып жіберді.

Соның салдарынан туындаған жаңа сын-қатерлерді әр мемлекет өз мүмкіндігіне қарай еңсеріп келеді. Осы бағытта елімізде Президентіміздің басшылығымен дер кезінде шұғыл шешімдер мен нақты шаралар қабылданды. Соған сәйкес Парламент жыл бойы Мемлекет басшысының бастамаларын және еліміздің стратегиялық саясатын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін ауқымды жұмыс атқарды. Бұл ретте, Сенат депутаттарының белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Жалпы, биыл Парламент 110 заң қабылдады. Оның 30-ға жуығына Парламент депутаттары бастамашы болды», - деді М. Әшімбаев Сеннаттың жалпы отырысында.

Осы орайда ол әр заң жобасы Сенаттың тұрақты комитеттерінде жан-жақты талқыланып, халықтың пікірі мен көпшіліктің үні ескеріліп отырғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруға, пандемия салдарын еңсеруге, экономиканың өсуін қалпына келтіруге бағытталған заңдар қабылдадық. Азаматтардың өмір сапасын жақсартуға, құқығын қорғауға, денсаулық сақтау, білім беру салаларын жетілдіруге басымдық берілді. Шағын және орта бизнесті қолдау, қоршаған ортаны қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес бағыттары да сенаторлардың басты назарында болды. Елімізде демократиялық процестерді нығайтуды көздейтін заңдар топтамасы да қабылданды», - деді Сенат төрағасы.

«Сонымен бірге ауылдық жерлерді дамыту, шағын және орта бизнеске қолдау көрсету және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелеріне баса мән бердік. Биыл Сенат ұйымдастырған бірнеше парламенттік тыңдауда осы бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Таяуда Парламентаризм институты құрылғанын да білесіздер. Бұл құрылым депутаттардың заң шығару бастамашылдығын жетілдіруге, қоғам мен сарапшылардың пікірін ескеруге және өңірлердегі мәселелерге баса мән беруге ықпал етеді деп сенеміз. Осыған орай Парламент биыл ел үшін ауқымды жұмыс атқарды деуге толық негіз бар. Сондықтан баршаңызға алғысымды білдіремін», - деді Мәулен Әшімбаев.


Соңғы жаңалықтар