Биыл СҚО жұмыс күші көп өңірлерден 2,5 мың адамды қабылдамақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы «Еңбек» бағдарламасы аясында биыл жұмыс күші көп өңірлерден 2,5 мың адамды қабылдауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Еңбек» бағдарламасы аясында СҚО-ға биыл жыл басынан 524 адам, яғни 162 отбасы жұмыс күші көп өңірлерден қоныс аударды. Келгендердің 258 бала, 8 студент және 11-і зейнеткер, қалғаны еңбекке қабілетті жаста. Олардың барлығы қабылдау квотасына енгізілді. Көшіп келгендердің 109-ы бүгінгі күні тұрақты жұмысқа орналасса, 26 адам жеке кәсібін ашты.

«Қоныс аударушылар өз кәсібін ашу үшін грант ала алады. Микронесие алуға мүмкіндіктері бар. Бұл үшін оларға «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысудың қажеті жоқ. Тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгініп, сол жерге құжаттарын тапсырады, бизнес идеяларын ұсынады», - дейді СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз хатшысы Назерке Тасқұлова.

Жалпы СҚО биыл 700-ден астам отбасыны, 2500-ден астам адамды қабылдауды жоспарлап отыр. Критерий бойынша отбасында кем дегенде 4 адам болуы қажет, оның екеуі жұмысқа қабілетті. Баспанаға орналастырғанда да отбасы құрамына қарайды. Бұдан басқа қоныс аударушыларға субсидия беріледі.

«Биыл мамыр айынан бастап субсидияның көлемі екі есе ұлғайтылды. Қазіргі таңда 70 АЕК-ті құрайды. Сонымен қатар коммуналдық шығындарын өтеуге 15-30 АЕК мөлшерінде субсидия беріледі. Мұның бәрі отбасының әр мүшесіне есептеледі», - дейді Назерке Тасқұлова.

Былтыр пандемияға байланысты СҚО-ға небары 600-ге жуық адам ғана мемлекеттік бағдарлама аясында қоныс аударды.


Соңғы жаңалықтар