Биыл Түркістанды тамашалауға 1,5 млн-ға жуық турист келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл киелі Түркістан қаласына 1 млн 400 мың турист келген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістанда туризм бірнеше дамуы тиіс. Оның ішінде басы бағыттар тарихи және археологиялық. Бәрімізге белгілі біздің өңірге Қазақстанның бүкіл аумағымен қоса Орталық Азия және Түркиядан туристер көптеп келеді. Осындай артықшылығымыз үшін біз міндетті түрде туризмді дамытуымыз керек. Ол дегеніміз қолжетімді баға, ыңғайлы және жүйелі транспорт, қонақүйлер, түрлі ас мәзірі және кәсіби гидтар. Мұнда туристер рухани азық іздеп келеді. Сол үшін де біз бар жағдайды жасауымыз қажет. Биылғы жылы киелі Түркістан жеріне 1 млн 400 мың турист келген. Бұл мәліметті өңірдегі тарихи нысандарға сатылған билеттердің негізінде айтып отырмын», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Одан бөлек, облыс басшысы биыл Түркістанда 6 бірдей нысанның пайдалануға берілетінін мәлім етті.

«Олар облыс әкімдігінің ғимараты, Медиа орталық, Нұр-Сұлтан алаңы, Музыкалық мектеп, Халыққа қызмет көрсету орталығы және Олимпиадалық резервтерге арналған спорт мектебі.

Сондай-ақ, қаладағы рухани-мәдени орталығында 5 нысан - Амфитеатр, Музыкалық су бұрқақ, Шығыс моншасы, Қабылдау орталығы, Неке сарайын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұдан бөлек, қалалық саябақ, Назарбаев аллеясы, орталық бульвар құрылыстары қарқынды жүргізілуде»,- деді ол.

Айта кетсек, кеше Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Онда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстары мен қаланың жай-күйі туралы айтып берді.

Сонымен қатар, өңір басшысы биыл Түркістанда пайдалануға берілетін тұрғын үйлерге қатысты мәліметпен бөлісті. Одан бөлек, Ө. Шөкеев алдағы 2-3 жылда Түркістан еліміздің мақтанышына айналатынын айтып өтті.

Соңғы жаңалықтар