Биылғы 6 айда көпбалалы аналар 113,6 млрд теңге көлемінде жәрдемақы алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылғы қаңтар-маусым аралығында жалпы сомасы 113,6 млрд теңгеге 389,1 мың отбасы көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақымен қамтылды. Маусым айында осы жәрдемақы түрін - жалпы сомасы 19,7 млрд теңгені 398,091 мың отбасы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады. Төлем мөлшері балалардың санына байланысты 42,5 мың теңгеден (4 бала) 74,4 мың теңгеге (7 және одан да көп бала) дейін, 8 және одан кейінгі әр балаға 4 АЕК-тен сараланған.

Осылайша, осы жәрдемақының ұлғаюы 8 және одан да көп баласы бар отбасылар үшін жеке мөлшерді белгілеу арқылы қамтамасыз етілді. Тиісті заңға Мемлекет басшысы биылғы 13 мамырда қол қойды.

8 баласы бар отбасы үшін жәрдемақы 88 896 теңгені құрайды, 9 балаға – 100 008 теңге, 10 – 111 120 теңге, 11 - 122 232 теңге, 12 – 133 344 теңге, 13 – 144 456 теңге, 14 – 155 568 теңге, 15 - 166 680 теңге, 16 – 177 792 теңге төленеді.

Заң 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді, осыған байланысты 8 және одан көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері тағайындалған кезден бастап қайта есептелді. Осылайша, төленбеген сома осы жылдың шілде айында аударылды.

Жалпы, 2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 191,1 млрд теңге қарастырылған

Еске сала кетейік, Қазақстанда көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап беріліп келеді.


Соңғы жаңалықтар