Биылғы үш айда 3,6 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді

None
Фото: primeminister.kz
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы үш айда елдегі құрылыс секторы 9,5%-ке өсті. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биылғы үш айда құрылыс секторы жоғары өсу қарқынын көрсетіп, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 9,5%-ке өсті. Көрсеткіштің оң өсімі 15 өңірде тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсімі Ақмола облысында, сондай-ақ Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалуда», - деді Ә. Қуантыров Үкімет отырысында.

Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 2,4%-ке өсіп, 3,6 млн шаршы метрге жеткен. Оң динамика 13 өңірде тіркелген, олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, Алматы және Павлодар облыстарында байқалуда.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,4%-ке жеткен. Нақты сектордағы өсім 5,1%, қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,4%-ке дейін ұлғайған.

Елдегі өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 9,4%-ке, оның ішінде компьютер, электронды және оптика құралдар жасаудың – 19,7%-ке, автомобиль жасаудың – 18,6%-ке өсуі байқалды.

Сондай-ақ құрылыс материалдары – 9,5%-ке, сусындар – 18,7%-ке, пластмасса бұйымдары – 14,3%-ке, дайын металл бұйымдары – 10,8%-ке, фармацевтика өнімдері – 6,4%-ке, киім өндірісінің – 13,8%-ке өсуі қамтамасыз етілді. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 4,4%-ке ұлғайды.


Соңғы жаңалықтар