Біз бәріне жауапты ұлтпыз - сенатор Нұртөре Жүсіп

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлтымыздың жедел жаңғыруы – халықтың тастай жұмылған бірлігі мен ұсынықты тірлігіне байланысты. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдау жасады. Мемлекет басшысының Жолдауын мұқият тыңдадым. Сонда аңғарған бір нәрсе – Президент бірнеше мәрте «Ұлттық» деген сөзге екпін түсірді. «Ұлттық мүдде», «Ұлттық жоба, «Ұлттық экономика», «Ұлттық индустрия», «Ұлттың жаңа болмысы», «Ұлт сапасы» деген сөздерге ерекше мән беру керек деп есептеймін. Мұны Қасым-Жомарт Кемелұлы тектен текке айтып отырған жоқ. Біз бәріне де жауапты ұлтпыз. Президент еліміздің пандемия тұсындағы тыныс-тіршілігіне тоқтала келіп, «Сапалық тұрғыдан мүлде жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет», - деп атап көрсетті. Сондай-ақ, «Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды» деген сөзі өте өзекті», - деді сенатор.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысы «Ұлттың жаңа болмысы» деген мәселеге арнайы тоқталды. «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады», - деген ұстанымы көптің көкейінен шықты.

«Мемлекет басшысы халқымыздың бойында әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалайтынын айтты. «Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. «Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды», - деп қазақ ұлтына қажет сапалық қасиеттерді санамалап берді. «Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу. Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал, бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр. Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн», - деген тұжырымын халық барынша қолдайды деп сенемін», - деді Нұртөре Жүсіп.

Сенатор Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы негізгі түйін «Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуы керек» деген пайымда жатқандығын баса айтты.

«Замана ағысы қазір бостан бос жүруді, бостекі сөзді, берекесіз тірлікті көтермейді. Биылғы Жолдаудағы басты ерекшелік – бәрінен бұрын адам факторына, азаматтардың ерік-жігері мен күш-қайратына көп нәрсе байланысты екенін аңғартады. Сондықтан, асқақ ұрансыз, лепірме және даурықпа тірліктерсіз нақты іспен айналысудың кезеңі жетті. Ұлтымыздың жедел жаңғыруы – халықтың тастай жұмылған бірлігі мен ұсынықты тірлігіне байланысты. Осыны естен шығармасақ деймін», - деп түйіндеді Нұртөре Жүсіп.

Соңғы жаңалықтар