Бізде айыппұлдан түсетін ақшаны нақты проблемаға бағыттау деген түсінік жоқ – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Сандж» зерттеу орталығының жетекшісі Жанар Жандосова ҚР Қаржы министрлігінде өткен брифингіде бюджетке түсетін айыппұл төлемдерін нақты проблемаларды шешуге бағыттауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бюджет жобасы берілген кезде бұрнағы жылдардың ақпараты бірге ұсынылмайды. Ал бізге тарихи деректер әрдайым қызық. Бұған дейін белгілі бір салаға қанша ақша бөлінгенін, болашақта қанша бөлінетінін салыстырып қарауға болады. Сондықтан мемлекет бөліп отырған қаражаттың көп немесе аз екенін түсінуі қиын. Бізде әлеуметтік саясат пен нақты қаржылай емес көрсеткіштердің байланысы жарияланбайды. Жалпы бюджет жобасныда қаржы жұмсаудың нәтижесінде қол жеткізу жоспарланған нақты нәтижелердің көрсеткіші берілмейді. Мысалы, көлік саласына, инфрақұрылымға қанша ақша бөлініп жатқанын жариялаймыз. Бірақ ол ақшаға неше шақырым жол салынғанын, неше ғимарат қолданысқа берілгенін есепте көрсетпейміз», - деді Жанар Жандосова

Сондай-ақ ол бюджет жобасында құр ақшасының сомасы ғана емес, сала-сала бойынша қаржыдан тыс нысандағы нәтижелер көрініс табу керек деген ұсыныс айтты.

«Тағы мынандай дүние бар. Біз қоршаған ортаға қандай да бір шығарында тастайтын компаниялардан экологиялық айыппұлдар өндіреміз. Бұл экоайыппұлдар ортақ қазанға түседі де, түрлі шараларға бағытталып кетеді. Негізі бұл қаражат зкологиялық проблемаларды бағытталуы керек», - деді сарапшы.

Оның пайымынша, әр түрлі салада өндірілетін айыппұлдан түскен қаржының қайда жұмсалатыны әуел баста бәріне түсінікті болуы қажет.

«Мысалы жылдамдықты арттырғаны үшін төленетін айыппұлды көшелердің инфрақұрылымын жақсарту үшін бағыттай аламыз. Өкінішке қарай, бізде ондай түсінік жоқ. Осы бойынша жұмыс істеуіміз керек», - деді Жанар Жандосова.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, былтыр жер заңнамасын бұзғандарға 219 млн теңге айыппұл салынған.


Соңғы жаңалықтар