БҚО-да аударылған автокөлік 1 тонна балық әкеле жатқан

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында аударылған автокөлік 1 тонна балық әкеле жатқан болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұдан бұрын жазғанымыздай, 21 жастағы жүргізуші «Toyota Land Cruiser Prado» автокөлігінің руліне ие бола алмай, «Орал-Атырау» жолында аударылып қалған болатын.

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің айтуынша, қазіргі уақытта оның жағдайы бірқалыпты, өміріне қауіп жоқ.

Кейін анықталғандай, жүргізуші, Ақжайық ауданының тұрғыны Орал қаласына қарай ешбір құжатсыз 1 тонна 31 кг балық алып келе жатқан.

«Балық сараптамаға жолданды. Шығын көлемі анықталған жағдайда ҚР ҚК 196-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Сонымен қатар жүргізушіге қатысты ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс және карантин режимін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексі 476-бабы 6-тармағына сәйкес әкімшілік өндіріс қозғалды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.


Соңғы жаңалықтар