БҚО-да қаңғыбас ит-мысықты биозарарсыздандыруға 65,5 млн теңге бөлінді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 65,576 млн теңгеге 5 067 ит-мысықты биозарарсыздандырудан өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетовтің Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, жыл басынан бері 1 155 қаңғыбас ит пен мысық биозарарсыздандырудан өткізіліп, мекендеу ортасына кері жіберілді.

Оның айтуынша, қаңғыбас ит-мысықты жоюдың гумандық әдісіне көшу мақсатында 2019 жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан облысы маслихатының №28-3 шешімімен «Батыс Қазақстан облысының елді мекендерінің аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидасы» бекітілген болатын.

Соған сәйкес ауланған жануарлар ветеринариялық клиникаға жеткізіліп, дегелминтизация, құтыруға қарсы екпе, чип енгізіліп, биозарарсыздандырудан өткізілгеннен кейін 3-7 күн бақылауда ұсталады. Кейін мекендеу ортасына кері жіберіледі.

С.Нұрмағанбетовтің сөзіне қарағанда, биозарарсыздандырудан өткен ит-мысықтың көбеюі 6-8 жылдан кейін оларды аулауға бөлінетін қаржының азаюына, адамдарды аурудан қорғауға және эпизоотиялық ахуалды жақсартуға септеседі.

Сонымен қатар облыс аумағында барлық иттер мен мысықтардың бірыңғай деректер базасы жасақталды. Деректер қорының көмегімен барлық жануарлар (жасы, жынысы, иесі, мекенжайы) туралы мәліметтер мен санының есебі жүргізіліп отыр. Бұл алдын алу шараларын дұрыс жоспарлауға жәрдемдеседі.

Күні бүгін иттер мен мысықтарды тіркеуге арналған бірыңғай дерекқорда облыс бойынша 12 359 ит пен мысық тіркелсе, соның ішінде 4 063-інің иесі бар.

Үй жануарларын чиптеудің міндеттелгенін түсіндіру мақсатында 61 мыңнан астам аулаға жадынамалар таратылып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Биылғы төрт айда Батыс Қазақстан облысы аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бұзғаны үшін 46 адамға 735 586 теңге көлемінде айыппұл салынды.

«Күні бүгін Бөрлі, Сырым аудандары барлық иттері мен мысықтары чиптелген, бұралқы жануарлары жоқ үлгілі аумақ ретінде белгіленді, сондай-ақ Орал қаласы мен басқа аудандарда бір ауылдан белгіленіп, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде», деді С.Нұрмағанбетов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бұралқы иттер бір ауладан 60 қойды қырып кеткенін, Батыс Қазақстанда төрт адамға қасқыр шапқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар