БҚО-да карантин режімін бұзған тұрғын қамауға алынды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында карантин режімін бұзған тұрғын қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теректі аудандық сотынан түскен мәліметке қарағанда, Подстепный ауылының У. деген тұрғыны ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 476-бабы 2-тармағына (төтенше жағдай режімін бұзу) сәйкес айыпты деп танылып, 10 тәулікке қамалды.

Аталған тұрғын 29 наурыз күні карантин режімін бұзып, үйінде болмаған.

Сот талқысында аталған ер адамның түсіндіргеніндей, ол 26 наурыз күні Мәскеуден келген. Мемлекеттік шекарадан өткеннен кейін коронавирустың бар-жоғын анықтайтын зертханалық талдау тапсырған. Содан кейін оның қорытындысын күтіп, медициналық мекемеде оқшаулануда болу керек еді. Алайда оны күтпей, өздігінен кетіп қалғандықтан, әкімшілік айыппұл салынған. Соттан кейін 14 күн бойы карантинде болу керектігін білмегендіктен, дәрігерге қайтып бармаған.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жазасын өтеушілердің 36 мыңға жуық медициналық маска тіккенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар