БҚО-да көлде жоғалып кеткен 8 жасар бала мен оның атасы ұшақпен іздестірілуде
2022 жылғы 23 маусым 04:27

БҚО-да көлде жоғалып кеткен 8 жасар бала мен оның атасы ұшақпен іздестірілуде

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысындағы Шалқар көлінде ағыс алып кеткен 8 жасар бала ұшақпен іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, оқиға 22 маусым күні сағат 16.45-те Теректі ауданы Сарыөмір ауылы маңындағы Шалқар көлінде болды. Үрлемелі матраста ата-анасының қарауынсыз қалған 8 жасар ұл баланы желдің әсерінен ағыс көлдің ортасына қарай алып кеткен. Оны құтқарамын деп 1957 жылғы атасы ұмтылған.

Теректі ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жарас Көпжасаровтың айтуынша, атасы мен немересін іздеуге Шалқар көліндегі құтқару бекетінен 5 адам бір қайықпен шыққанымен, нәтиже бермеді.

«Содан кейін іздестіру жұмыстарына «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ ұшағы қосылды. Сағат 23.00-де ер адамды құтқарушылар мен туыстары тапты, жағдайы қанағаттанарлық. Баланы іздестіру жұмыстары жалғасуда», - деді Ж.Көпжасаров.

ТЖ департаментінен мәлім еткеніндей, сондай-ақ 22 маусым күні Ақсай қаласында кешкісін тағы бір оқиға орын алды. Сағат 20.08-де Аралтал шағынауданы маңында 1982 жылғы ер адам Шыңғырлау өзеніне батып кеткен. Мұнда да құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізуде.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда сегізінші қабаттан терезеде тұрған 2,5 жастағы бала құтқарылғанын жазған болатынбыз.


Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT