БҚО-да құны 2,5 млрд теңге тұратын киік мүйізін Ресейге әкетпек болғандар сотталды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында құны 2,5 млрд теңге тұратын киік мүйізін Ресейге әкетпек болған тұрғындар сотталды, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Орал қалалық сотының үкімімен К. деген сотталушы ҚР ҚК 339-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес айыпты деп танылып, Қылмыстық кодекстің 60-бабы 1-бөлігі қолданыла отырып, 8 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ С. деген сотталушы ҚР ҚК 339-бабы 3-бөлігі 2-тармағына сәйкес 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Оған қоса екеуі де 5 жыл бойы аңшылық қызметпен айналыса алмайды.

Сот талқысында анықталғанындай, С. мен К. 2021 жылдың маусым мен шілде айларында киік мүйіздерін тергеуге белгісіз тәсілдермен заңсыз иемденіп, сақтаған.

Кейін К. киік мүйіздерін С. арқылы Ресейдің Самара қаласына тасымалдағысы келіп, ақшамен қызықтырып, алдын ала сөз байласқан.

Әр апарған рейсі үшін 500 мың теңге төлейтінін айтқан. С. бұған келісіп, киік мүйіздерін заңсыз сақтау және тасымалдау мақсатында құрылыс материалдарын тасуға жалға алған жүк көлігінің астынан темірден дәнекерлеп, жасырын қуыс жасаған.

Содан соң 14 шілде күні 1 169 дана киік мүйізін тиеп, Самараға жолға шыққанда, Орал қаласы аумағында полиция қызметкерлерінің қолына түскен.

Азаматтық талап арыз бойынша сотталғандардан бірлескен тәртіпте мемлекет пайдасына 2 млрд 526 млн 851,250 мың теңге өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО тұрғынының құны 4,5 млн астам теңге тұратын киікті тірідей ұстап алғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар