БҚО-да провизорлық стационарлар жабылып жатыр

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында провизорлық стационарлар жабылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, өңірде коронавирусқа байланысты жағдай 4 тамыздан оңала бастады.

Қазіргі таңда науқастар болмағандықтан, «Кумыска» санаторийіндегі провизорлық стационар жабылды. Облыстық туберкулезге қарсы диспансер құрамына кіретін бөлімше 19 наурыздан 100 орындық стационар ретінде ашылған еді. Кейін дерттің дендеуіне байланысты 85 орындық жұқпалы аурулар ауруханасына айналды.

Мұнда барлығы 802 емделуші ем алса, соның 687-сі стационарда жатты. 115-і – клиникалық белгісі жоқтар. 431 емделушінің коронавирусқа сынамасы оң нәтиже көрсетті.

Стационарда 66 қызметкер еңбек етсе, соның 14-і – дәрігерлер, 28-і медицина қызметкерлері еді.

Облыстық көпбейінді ауруханада сәуірдің аяғында 1-інші және 8-корпустар провизорлық госпитальға берілді. Ал ауыр науқастар жансақтау бөліміне қабылданды. Кейін жөндеуден соң 2-корпуста 248 төсек-орын дайындалды. Қазіргі таңда мұнда 22 адам жатса, соның 12-сінен сынама теріс нәтиже көрсетті. Ауруы асқынған бір адам жансақтау бөлімінде жатыр. Облыстық ауруханадан барлығы 1500 емделуші өтті.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында орта және ауыр халдегі 98 науқас емделуде.

Күні бүгін медицина мекемелерінде COVID-19 анықталған науқастарға арналған 1622 төсек-орын болса, соның 35 пайызында ғана емделуші бар.

Ал жазылып шыққан науқастарға арналған №1 қалалық емхана жанынан ашылған бірінші оңалту орталығы қажет болып шықты. Сондықтан облыстық денсаулық сақтау басқармасы тәулік бойы жұмыс істейтін оңалту стационарын ашуды ойластыруда. Тәжірибе көрсеткеніндей, індеттен емделіп шыққандарға медициналық қана емес, психологиялық қолдау да қажет.


Егер жағдай жақсара түссе, алдағы аптадан бастап медициналық мекемелер өз емделушілерін жоспарлы түрде жатқызуға көшеді. Бұл бірінші кезекте облыстық онкологиялық диспансерге қатысты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 11 млн теңгенің дәрі-дәрмегі тәркіленгенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар