БҚО-да заңсыз сыйақы алған шенеунікті қызметінен босату ұсынылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында заңсыз сыйақы алған шенеунікті қызметінен босату ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Рустам Ақмырзаевтың қатысуымен өткен онлайн кеңесте Бөрлі аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы лауазымды қызметкерінің мәселесі қаралды.

БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет анықтағанындай, аталған қызметкер өткен жылғы 26 желтоқсанда жеке тұлғадан тәттілер (кәмпит, торт) түрінде заңсыз сыйақы және ішінде не жазылғаны белгісіз конверт алған.

Оған қоса қызметкердің бизнес өкілімен жұмыстан тыс уақытта байланысы тіркелген. Яғни оның бизнес қызметін жандандыру үшін мүддесін қорғайтындай әрекеттер байқалады, өйткені кездесу бүркемеленген (қағазға жазу арқылы) түрде өткен.

Қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.

Алайда лауазымды қызметкердің іс-әрекеттерінде өзіне және басқа адамдар пайдасына қызмет бабын пайдалану белгілері байқалады. Сондықтан мемлекеттік қызметке кір келтірген оны лауазымынан босату, ал басшысын қарауындағы қызметкерінің сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды.

БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметі бойынша аталған қызметкер қазіргі кезде еңбекке уақытша жарамсыз.


Соңғы жаңалықтар