БҚО-да Жеңістің 75 жылдығына орай «От кешкен ордалықтар» атты кітап жарық көрді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Ахмедияр Батырхановтың «От кешкен ордалықтар» атты кітабы жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отыз баспа табақтан асатын көлемді жинақ 462 беттен тұрады.

Осы зерттеу еңбекке Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов алғысөз жазып, бұл кітаптың бәсі биік, бағасы құнды екенін атап өтіпті.

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толғанына тоқтала келе: «Сол зұлмат күндері толарсақтан қан кешіп, Бөкейдің құмынан аттанып, жарты Еуропаны шарлаған әр майдангердің өмір жолы – өнеге. Өскелең ұрпақ үшін тек мамырда ғана еске алатын емес, әр күн сайын айтылып, жадыларына тоқылар тәлім, отансүйгіштік қасиеттің озық үлгісі. Ахмедияр Қуанұлы соңғы бес жылда соғыс тақырыбында талмай ізденіп, табанды еңбек етіп, осы кезге дейін белгісіз, іздеусіз кеткен сансыз боздақтың тағдырын анықтап, талай ақтаңдақтың бетін ашқан екен», - дейді Н.Рахымжанов.

Сонымен қатар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті «Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет осы жинаққа рецензия жазған. Ғалым архив құжаттары негізінде тер төккен өлкетанушы А.Батырханов бұл жинағында тың деректерді алға тартқанын ескере келе: «Кітаптың «Ерлік – ердің қасиеті» атты тарауында шайқас алаңында ерлік көрсетіп, түрлі деңгейде марапатқа ұсынылған 1374 ордалық туралы мәлімет берілген... Біз қайыспас қайсарлық пен ерліктің арқасында ұлтымыздың рухын биіктеткен осындай қаһарман жандарға әрқашан бас иіп, тағзым етеміз. Ұлы Жеңісті жақындатқан барлық жауынгерлердің рухтарына – мәңгілік мінәжәт!» - деп ой түйеді.

Кітап авторы шаң басқан архив құжаттарын ақтарып, деректерді тауып, оларды орыс тілінен қазақшаға аударып, нақты тарихи деректермен салыстырып, зерттеу жүргізген. Бұл үлкен еңбекқорлықты қажет етеді.

Бұл кітапта Екінші дүниежүзілік соғыстан оралмаған 666 ордалық туралы Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен, «Обд-Мемориал» жəне «Память народа» сайттарынан алынған мəліметтер бар. Осы 666 жауынгер тіпті 1999 жылы Орал қаласынан шыққан «Боздақтар» кітабының 6 томына енбей қалған.

Кітапта соғыста жау қолына тұтқынға түскен 51 ордалық туралы тың дерек те бар, олар жөнінде мағлұматтар «Обд-Мемориал» сайтынан табылған. Соның ішінде жау қолына түскендердің 44-і тұтқында қайтыс болса, 7 адамның кейінгі тағдыры белгісіз. «Обд-Мемориал» сайтынан алынып, соғыста істі болып ең жоғарғы үкімге кесілген 15 адам жəне сотталған 23 адам туралы мəлімет жазылған.

«Сонымен қатар бұл кітапта ҚР Ішкі Істер министрлігінің сайтынан соғыс жылдары жау қолына тұтқынға түскен, алайда, кейінгі тағдыры белгісіз 195 ордалық туралы мəлімет бар. РФ Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінің «Подвиг народа» сайты арқылы Орда аудандық əскери комиссариатынан əскерге шақырылып, майданда ерлік көрсетіп, орден мен медальдармен марапатталған 1374 ордалықтың аты-жөні, əскери шені жəне марапаты жазылды. Сонымен қоса, «Боздақтар» кітабында қаза тапты деп жазғанмен, бұрын жерленген жерлері белгісіз болған жүзге жуық ордалықтың мəңгілік мекені анықталды. Соғыстан елге аман оралғанмен, «Боздақтар» кітабының 6 томында қаза тапты делініп кеткен төрт адам туралы да жаздым», - дейді А.Батырханов.

Кітап авторы ҚазАқпарат тілшісінің «Зерттеу жұмыстарын қашан қолға алып едіңіз? Бұл кітапты жазуға не түрткі болды? Қандай ерекше деректерге тап болдыңыз?» деген сұрақтарына рет-ретімен жауап берді.

«Зерттеу жұмысын 2014 жылы қазан айында бастадым. Бұл кітапты жазуға 1999 жылы Орал қаласынан шыққан «Боздақтар» кітабындағы ескерілмей қалған тұстар түрткі болды. Жалпы, біздің облыс бойынша əр ауданнан шыққан «Боздақтар» кітабында соғыста тұтқында қайтыс болған 4-5, əрі кетсе 8 адам деген. Мəселен, Орда ауданынан 44 адам тұтқында қайтыс болса, Жаңақала ауданынан 55 адам, Жəнібек ауданынан 51 адам тұтқында қайтыс болған. Басқа аудандар бойынша да осылай жалғаса береді. Сол секілді 1995 жылы Орал қаласынан шыққан «Боздақтар» кітабының 1 томында Орал облысынан жау қолында тұтқында 157 адам қайтыс болды деп дерек келтірген. Ал мен қазір жеке ізденіс барысында 1941-45 жылдары біздің облыс бойынша жау қолында тұтқында қайтыс болған 500-ден астам адамды анықтадым. «Боздақтар» кітабына біраз адамның енбей қалуына кезінде КСРО-ның сол соғыста адам шығынын аз көрсету фактісі себеп болған сияқты. Қазір басқа аудандардан да «Боздақтар» кітабына енбегендер шығып жатыр», - дейді кітап авторы А.Батырханов.

Осы күнге дейін соғыстан оралмаған аталары мен əкелерін іздеушілер аз емес. Өкінішке орай, соғыс жылдары құжаттарда қазақ, қырғыз, өзбек ұлттары өкілдерінің аты-жөндері өрескел қате жазылған. Сондықтан да сайттан іздеу өте қиынға соққан екен. Кітап авторы әрбір әріпке терең үңілу қажет болғанын айтады.

Одан әрі сөзін жалғаған қаламгер: «Осы кітапты жазу барысында ерекше деректерді кездестірдім. Атап айтқанда, тұтқындардың жеке картотекаларында олардың аты-жөні, діні, ұлты, əскери шені, соңғы қызмет орны, басбармақ саусақ таңбасы, анасының аты-жөні, мекенжайы жазылып, 3х4 фотолары жапсырылғанын байқадым. Өкінішті тағдырлар деп бір əулеттен жеті адам соғысқа аттанып, солардың бірде-бірінің оралмағанын айтар едім. Соғыс өрті шарпымаған шаңырақ бар ма?! Мәселен, менің марқұм анам Рахима Меңжанова 1940 жылы 19 қыркүйекте Орда ауданы Əжен ауылында дүниеге келген. Анамның əкесі Меңжан Азаматов пен бауырлары Тұтық Азаматов, Шерім Азаматов, Нұрым Азаматов, Сабыр Азаматов, Әми Азаматов жəне Илияс Сырəлиев сол соғысқа Ордадан аттанып, оралмаған. Сондай-ақ Орда ауданынан шыққан жеті ұшқыш пен екі əуе атқышы туралы мəлімет таптым», - деді.

Кітапқа арқау болған материалдар соғыс тақырыбына қалам тербеп жүрген ізденушілер мен тарихшылар үшін өте құнды. Кітап жалпы жұртшылыққа арналады және өскелең ұрпаққа отты жылдар ойранында жауға қасқая қарсы тұра білген ата-бабалар ерлігін дәріптеу арқылы Отанды сүю, елінің, туған жерінің адал патриоты болу, ынтымақ пен бірлікті құрметтеу, адамгершілік, ұлтжандылық қасиеттерді бойына сіңіру, рухани құндылықтарды қастерлеу қажет екенін ұғындырады. Тәрбиелік мәні зор шығармашылық еңбек деуге негіз бар.

Кітап авторы: «Майдангерлердің ерлік жолдарын кейінгі ұрпаққа насихаттау – Отанды сүюдің шын белгісі. Бөкей Ордасының тарихы тереңнен сыр шертеді. Соның бір бөлігі Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары деп білемін. 1941-42 жылдары Орда мен Жəнібек ауданы Сталинград майданының жақын тылы болып қана қойған жоқ, соғыс жағдайына көшірілген. Осы аумақтағы елді мекендер көп зардап шекті. Екі ауданға да жау əуеден шабуыл жасап, бомба тастады. Аталған екі ауданда да бауырластар зираты бар», - деп өз ойын қорытындылады.

Айта кету керек, Бөкей ордасы аудандық әкімдігі кітаптың жарыққа шығуына, соның ішінде баспа шығындарын өтеуге қолдау көрсеткен.


Соңғы жаңалықтар