БҚО-ның «қызыл» аймаққа енуіне байланысты қатаң шектеу шаралары енгізіледі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының «қызыл» аймаққа енуіне байланысты қатаң шектеу шаралары енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, өңірлік жедел штаб пен ведомствоаралық комиссия шешімі негізінде облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы шығады.

Оның айтуынша, өткен тәулікте өңірде 186 адамнан коронавирус анықталса, алдағы күндері одан да көбейіп, 300-ге жетуі ықтимал.

Сондықтан эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында жаңа қаулыға сәйкес отбасылық және басқа көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Тек

«Ashyq» жобасымен жұмыс істейтін нысандарда 30 адамға дейін садақа секілді жиынды өткізуге рұқсат беріледі.

Кинотеатрлар, қоғамдық тамақтандыру орындарында да шектеулер енгізіледі.

«Мекемелер өз қызметкерлерінің кемінде 70 пайызын қашықтан жұмыс істеуге көшіруі тиіс. Сондай-ақ бала саны 600-ден аспайтын мектептер штаттық, 600-ден жоғары білім ордалары қашықтан оқытуға ауысады. Колледждер мен ЖОО-лар аралас оқытуға көшеді. Егер оқушылар мен студенттер түгелдей екпе алған болса, оларды қандай режимде оқыту мәселесін сол оқу орындарының басшылары шешеді», деді Н.Мұстаев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір күнде 100-ге жуық адамнан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар