БҚО жұртшылығына «Халық үні» республикалық жобасы таныстырылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда «Халық үні» республикалық жобасының таныстырылымы және азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шараға «Халық үні» жобасының авторы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, адам құқықтары жөніндегі сарапшы Айман Омарова, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрбол Серікбеков, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының атқарушы директоры Мақсұтбек Айтмағанбет, «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының президенті Ләззат Рақышева, сондай-ақ азаматтық қоғам мен жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, қала тұрғындары қатысты.


Таныстырылым барысында жобаның мақсаты мен негізгі міндеттері туралы жоба авторы Айман Омарова айтып берді. Оның айтуынша, жоба мемлекет пен қоғам арасында кедергісіз байланыс орнатуға бағытталған.

«Біздің міндетіміз азаматтардың әлеуметтік және құқықтық мәселелерін жедел шешу. Президент «Халық үніне құлақ асатын мемлекет« тұжырымдамасын ұсынды. Біз бастаманы қолдаймыз және осы тұжырымдаманы іске асыруға өз үлесімізді қосамыз. Бізге азаматтармен кері байланыс орнатып қана қоймай, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын көрсетіп, қоғамның түрлі салаларындағы мемлекеттік саясаттың барысын түсіндіру қажет. Біз жылдар бойы шешілмей келе жатқан түрлі проблемалардың куәсі болдық. Бірақ олар шешуге болатын мәселелер. Олар қоғам мен мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігерімен шешіледі», - деп атап өтті А.Омарова.


ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрбол Серікбеков өз сөзінде «Халық үні» жобасын іске асырудың маңыздылығын және қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелерін шешудегі азаматтық белсенділіктің рөлін атап өтті.


«Human Rights Lawyers» ҚҚ президенті Ләззат Рақышеваның айтуынша, жұмыс тобының қарауына Батыс Қазақстан облысының тұрғындарынан 50-ден астам өтініш келіп түскен. Тұрғындар автомобиль жолдарын жөндеу, елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, БҚО-ның шалғайдағы ауылдарына мобильді және интернет-байланыс орнату, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету, сот және құқық қорғау органдарының шешімімен келіспеу, жер мәселелерін шешу және т. б. мәселелер бойынша өтініш білдірді.

Кейбір сұрақтарға сол жерде жауаптар берілді, ал мазмұны бойынша күрделі проблемалар мен сұрақтар орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қатысуымен одан әрі шешу үшін хаттамаға енгізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Батыс Қазақстан облысына сапар аясында жоба қатысушылары Бөрлі, Шыңғырлау және Бәйтерек аудандарының, сондай-ақ Орал қаласының тұрғындарымен кездесулер өткізді. Бұған дейін жұмыс тобы Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында болған еді.


Соңғы жаңалықтар