USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Боксшы Сәкен Бибосынов: Токиодағы қоламды Парижде алтынға айырбастаймын

2021 жылғы 20 қараша 13:25
Бөлісіңіз:
Боксшы Сәкен Бибосынов: Токиодағы қоламды Парижде алтынға айырбастаймын

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Токиода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Сербияның Белград қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленген Сәкен Бибосыновтың өмірінде жақсы жаңалықтар көп. Жас спортшымен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Ұқсас жаңалықтар
Головкин ең көп соққы жасайтын боксшылар рейтингіне енді Батыр Жүкембаев 28 рет жеңіске жеткен мексикалықпен жекпе-жек өткізеді Боксшылар бір уақытта бір-бірін нокдаунға жіберді

- Сәкен Исмадиярұлы, сіз бір жылда үш бірдей байрақты бәсекеге қатыстыңыз. Азия чемпионатында, Олимпиада да және әлем чемпионатында атой салып, жүлдегер болу, үлкен нәтиже. Жалпы жыл бойы жарыста жүру қиындық тудырмады ма?

- Иә, бір жылда үш үлкен турнирге қатыстым. Әрине, қиындау болды. Менің басты мақсатым, арманым – әлемдік турнирде әнұранды шырқату болатын. Азия чемпионатында және Олимпиадада қола жүлдегер атандым. 2019 жылы әлем біріншілігінде де үшінші орын алып, қола жүлдегер болдым. Жыл сайынғы жүлдемнің барлығы қола болып кетті. Содан «қайтсем де қоланы алтынға айырбастаймын» деген алдымда мақсат болды. Жаттықтырушым Мырзағали Айтжановқа жағдайды айтып едім, қолдау білдірді. Содан күні-түні жаттықтық. Олимпиадада жіберген қателіктерімді қайталамауға тырыстым. Көп еңбектеніп, сол бағытта жұмыс жасадық. Сербия елінің Белград қаласында өткен бокстан әлем чемпионатына сондай асқақ арманмен, үлкен дайындықпен бардым. Алланың қалауымен алтын медаль иегері атандым.

Әлем біріншілігінде екі рет Әнұранымыз шырқалды. Команда жақсы нәтиже көрсетті. Жалпы есепте еліміз екінші орында тұрды. Алпауыт елдердің алдына шықтық. Мұның баршасы да тыңғылықты дайындықты жемісі болды.

- Олимпиада да болсын, әлем чемпионатында болсын қарсыластарыңыз осал болған жоқ. Олимпиада чемпионы, Баркер кубогының иегері өзбекстандық Хасанбой Досматов, француз боксшысы Беннама Билал және колумбиялық, кубалық боксшылармен жұдырықтастыңыз. Жалпы қай қарсыласпен кездесу ауырға соқты?

- Жалпы маған әр жарыстағы бірінші жекпе-жек ауыр болады. Себебі, рингті сезініп, бой үйрету керек. Француз боксшысы Беннама Билалмен бұдан алдын екі рет кездесіп, есе жіберіп алған болатынмын. Бұл жолы да кішкене қиындау болды. Қателіктер жібердім. Бірақ қайтсем де есемді қайтаруым керек. Содан рингке бой үйреткен соң, бар күш жігерімді жұмсап, жеңімпаз атандым.

Ал, Хасанбой Досматовпен шыққанда ешқандай қобалжу болған жоқ. Қайта жерлестерімнің жіберген есесін қайтаруға мүмкіндік алдым.

Колумбиялық боксшымен шықтым. Ол Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, жалпы мықты боксшы. Осал қарсылас емес. 2019 жылы кездесіп, мен жеңіске жеткен болатынмын. Бұл жолыда жеңіс мен жақта болды. Дегенмен, бұл кездесуге өзімнің де, бапкерімнің де көңілі толмады. Біраз қателіктер жіберіп алдым. Қолым түсіп кетті. Аяқта бір жерде тұрып қалдым. Жалпы тактикамды дұрыс қолдана алмады. Бірақ, шаршы алаңда тағы да жеңдім.

Жалпы біз әр жарысқа жақсы дайындықпен барамыз. Әлем чемпионатына да үлкен дайындық жасадық. Токиодан оралған бойда тактикамызды өзгерттік. Көп еңбектендім. Бапкерім қолдау білдіріп, әр сәт сайын жігерлендіріп отырды. «Сен одан мықтысың! Бокстаспағанына қанша жыл болды?! Шаршы алаңда сен шаршамасаң, қарсыласың «өледі» деп жігер береді. Міне, осының нәтижесінде жеңіс тұғырынан көріндім. Әлем чемпионы болу маңдайыма жазылған екен.

- Байрақты бәсекеде үлкен әсер берген тұстың бірі төрешінің қателесуі болды. Жеңімпаздарды шатастырып, қарсыласыңыздың қолын көтерді. Осы сәтте қандай әсерде болдыңыз?

- Бұл бокстағы ең позитивті тұстың бірі болды. Мен қарсыласымды бірінші, екінші раундта ұттым. Үшінші раунд ол ұтқан жағдайдың өзінде де мен жеңіске жететін едім. Бірақ, мен айқын басымдықпен жеңіп келе жатқанымды сезіп жүрдім. Төрешілердің барлығы ұпайларын маған берді. Сөйлеп тұрған диктор да «Қазақстан, Сәкен Бибосынов» деп айтып жатқанын тыңдап тұрдым. Ал, төреші қателесіп қарсыласымның қолын көтерді. Ол «мен емес, жеңімпаз Сәкен анда» деп ыммен түсіндіріп жатты. Бірақ менде қорқыныш болған жоқ. Кейін төреші қателікті түзетті.

- Көп боксшылардың өзіндік лақап аттары бар. Ал, сіз бұл тұрғысынан ойланып көрдіңіз бе? Өзіңізге лақап есім таңдадыңыз ба?

- Жоқ. Әлі лақап ат таңдаған жоқпын. Олимпиададан келген кезде көпшілік «халық чемпионы» деп атап кетті. Қазірде жиындарға, іс-шараларға барсам, жиналған халық «народный чемпион», «халық чемпионы» деп қарсы алады. Қуаныш кернеп, бір марқайып қаламын. Әзірге мендегі лақап ат осы «халық чемпионы».

- Жалпы спортшыларға, оның ішінде боксшыларға сын айтушы көп. Әсіресе, Олимпиада ойындарынан кейін ренішін білдіретін жанкүйерлер көбейіп кетті. Жалпы сынды қалай қабылдайсыз?

- Біраз жылдан бері көпшілік боксты «ұлттық спорт» есебінде қабылдады. Әр Олимпиадада халық бокстан алтын күтеді. Биылғы жылы бокстан да басқа да спорт түрлерінен алтын болмады. Сондықтан сын айтушы ар көп болды. Өзім сын егер де шын болса, жақсы қабылдаймын. Қорытынды шығарып, қайталамауға тырысамын. Дегенмен, өздері рингке шықпай, бокс қолғабын өмірінде киіп көрмеген адамдарда ақыл айтып, бізді сынап жататындығы көңілімізге қаяу түсіреді. Рингтегі бір минуттың өзі үлкен еңбек. Жалпы Олимпиадаға ешкім «ұтыламын» деп барған жоқ. Біреуінің бағы шаппаса, біреуінің бабы болмады.

- Шаршы алаңдағы жарыстарыңызды анаңыз көрмейді екен. Әрине, ана жүрегі баласының төбелесін көруге шыдамасы анық. Сондай-ақ, бала кезде де боксқа баруыңызға қарсы болыпты. Әлі де қарсы ма?

- Анам боксқа баруыма қарсы болған. Әлі де қарсы. Мен шаршы алаңға шыққанда «ұтылса да тезірек бітсе екен» деп отырады. Тікелей эфирде өтіп жатқан бокстарымның да нәтижесін екі ағамнан сұрайды екен. Өзі көруге жүрегі дауаламайды. Жеңіске жеткен кезімде бірінші анама хабарласып, сүйінші сұрадым. Көңілін аулап, қуантып қойдым.

Қазір «чемпион болдың ғой. Енді жас балаларды үйретіп жүре берсеңші» дейді. Дегенмен, жағдайды түсіндіріп, әр жарыс сайын батасын алып отырамын. Анашым әрдайым маған қамқорлық танытып, қолдап отырады.

- Алда үлкен жарыстар күтіп тұр. Жақын арада салмақ ауыстыру жағы ойыңызда жоқ па?

- Қазір өз салмағым 52, 51 келі. Олимпиадада 52, әлем чемпионатында 51 келі болды. Сол салмақты ұстаймын. Келесі жылы үлкен жарыстардың бірі – Азия ойындары. Сонда алтын алсам деген мақсатым бар. 2023 әлем біріншілігі Ташкентте өтеді. Соған қатысып, екі дүркін әлем чемпионы болуды армандап жүрмін. Ал, 2024 Париж олимпиадасы келеді. «Токиодағы қоламды, Парижде алтынға айырбастаймын» деп жоспарлап отырмын. Кейіннен бапкеріммен ақылдасып, кәсіпқой боксқа ауысамын деген ойым бар.


- Жақында «Сәкенге Түркістан қаласынан 2 бөлмелі пәтер берілді» деген ақпарат тарады. Сондай-ақ, облыста «Тұран» бокс клубы құрылып жатыр. Тарихи шаһарға қашан қоныс аударасыз?

- Түркістаннан пәтер берілетіндігі жөнінде айтылды. Бірақ кілті әлі қолыма тиген жоқ. Пәтер берілсе, Түркістанға көшемін. Сол жақта жаттығамын. Жаңадан құрылып жатқан «Тұран» бокс клубында жаттығу жасап, әрі жастарға шеберлік сабағын өткізуді жоспарлап жүрмін.

- Олимпиада чемпионының жүрегін жаулаған ару бар шығар? Жалпы отбасын құруды ойладыңыз ба?

- Бұйыртса бір айдан кейін отбасын құрамын. «Тәтті шай» рәсімі өтіп қойды. Той күнін де белгілеп қойдық. Спортшының жағдайын түсінетін жар болатындығына сенімдімін.

- Орал қаласында өтетін Қазақстан біріншілігіне қатысасыз ба?

- Бір айдан кейін Орал қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді. Бірақ біз қатыспаймыз. Жыл басынан бері жарыс көп болды. Әлем біріншілігінде өз салмағымызда дәлелдедік. Содан бес спортшыға демалыс берді. Қазір демалыстамыз. Жаттығуды келесі аптадан бастаймыз. Жарысқа қатыспасақ та, формада болуымыз керек. Қазір әр ауданда жастарымен кездесіп, тағылымды, тәрбиелік мәні бар шараларға қатысып жатырмыз. Бар мақсатымыз жастарды жігерлендіру, мотивация беру.

- Жалпы боксқа қалай келдіңіз? Жаттықтырушыңыз Мырзағали Айтжановпен қалай жолықтыңыз?

- Менің туған ағам Тастемір бокспен айналысқан. Сондықтан жас кезімнен мені боксқа баулыды. Бокс әліппесін үйретіп, қыр-сырын меңгертті. Алғашқы бапкерім болды. Әрі менің тәрбием сол ағамның қолында еді.

Өзбекстанда 8 сыныпқа дейін білім алдым. Кейін елге келіп Қызылордада оқыдым. Алматыдағы Республикалық спорт колледжіне үш рет құжат тапсырып түсе алмадым. Содан ағамның таныстары Сайрам ауданындағы Қадырбек Қуатбеков есімді азаматқа жолықтырды. Спарингке шығарып, сынап көрді. Ұттым. Содан еш танымайтын, өмірімді бірінші рет көрген адамым үйінен орын беріп, жаттығу жасауыма жағдай жасады. Сол кісінің үйінде тұрып, Шымкентте білім алдым. Жаттықтым. Бала кезде Өзбекстанда жарыстарға қатысқан болатынмын. Ал, үлкен шаршы алаңдағы жарыстарым Шымкентте басталды.

Бұл жақтағы жаттықтырушым Бақтияр Тұрғынбаев болды. Ол кісі отбасылық жағдаймен көшіп кеткен соң, Қадырбек ағам мені құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановқа табыс етті.

- Енді Токио Олимпиадасына қайта оралсақ. Әр Олимпиада сайын жүлдесіз қайтпайтын қазақстандық боксшылардың биыл жолы болмады. Жанкүйерлердің де соңғы үміті сізде еді. Үшінші орынды еншілеп, қола алған сәтте қобалжу болған жоқ па?

- Өткен жылы Иордания қаласында өткен турнирде ең соңғы болып Олимпиадаға лицензияны мен ұтып алдым. Сегіз боксшы барғанбыз, оның жетеуі жүлделі орын жеңіп алды және лицензиялы болды. Ал, маған тек лицензия ғана бұйырды. Елге ең төменгі нәтижемен қайттым.

Токиода менен бұрын лицензия алған жігіттердің барлығы ұтылып қалды да, финалда мен ғана қалдым. «Қайтсем де еліме алтын сыйлаймын» деп ойладым. Кішкене сәттілік жетіспеді. Кездесуде ұтылған жоқ едім, төрешілер бұрмалап жіберді. Қобалжыдым. Көңіл күйім түсіп кетті. Бірақ бапкерім қолдап, шаршы алаңда ризашылығын білдіріп, қолымды көтерді. «Сен халықтың чемпионысың» деп жігер берді.

- Бір сұхбатыңызда Олимпиададағы жүлдеге берілген сыйақыға үй алатыныңызды айтып едіңіз. Көңіліңіздегі үй табылды ма?

- Біз отбасында үш ағайындамыз. Тастемір, Бақберді есімді екі ағам бар. Анам Мухаббат үйде немерелерін тәрбиелеп отыр. Ал, әкем Исмадияр 2019 жылы дүниеден өтті. Үлкен ағам үйленген. Бір ұл бір, қызы бар. Олимпиададағы жеңісімді мен сол қарындасыма арнап едім. Ал, Белградтағы жеңісімді анам мен бұл өмірден бақылық болған әкемнің рухына арнадым.

Қазір баршамыз бір үйде тұрып жатырмыз. Өзімізге ыңғайлы үйді таптық.

--- Әңгімеңізге рахмет.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Қайрат Зайнишев

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT