Бокстан әлем чемпионаты: Қазақстандықтардың қарсыластары анықталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында финалға шыққан қазақстандық боксшылардың қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.

Естеріңізге сала кетелік, финалда жігіттер арасында -төрт, қыздарда екі боксшы сайысқа түседі. Ақтық сын жекпе-жектері 22 және 23 сәуір күндеріне белгіленген.

Ертең, 22 сәуірде қыздар шаршы алаңға шығады. Бесінші жұпта Жұлдыз Шаяхметова (60 келі) үндістандық Винкамен қолғап түйістірсе, сегізінші жұпта Дана Дидай (75 келі) да сол елден келген Санамача Чану Токчоммен кездеседі. Бүгінгі жекпе-жектер елорда уақытымен 20.00-де басталады.

Ал 23 сәуірде 20.00-де жігіттер финалдық ойындарын бастайды. Бұл жолы бірінші жұпта Санжар Ташкенбай (49 келі) ресейлік Роберт Бадалян, үшінші жұпта Ерболат Сабыр (56 келі) үндістандық Сачинмен шаршы алаңға шығады. Ал төртінші жұпта Елнұр Сүйінбай (60 келі) жапониялық Рейто Цуцуми, бесінші жұпта Сабыржан Аққалықов (64 келі) украиналық Бозорбой Матякубовпен кездеседі.

Айта кетер болсақ, жастар арасындағы әлем чемпионатына еліміз атынан 20 боксшы аттанған болатын.



Соңғы жаңалықтар