Болат Дембаев Қордайдағы оқиғаны тергеу амалдарына қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев Қордай ауданында болған оқиғаны тергеу амалдарына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қордай ауданындағы оқиға бойынша бес адам ұсталды. Оның екеуі бұзақылық фактісімен, егде жастағы адамға қол жұмсау бойынша. Сондай-ақ полиция қызметкерлеріне бағынбау фактісі бойынша күдіктілер құрықталды. Бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын», - деп еске салды Дембаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол ғимаратты өрттеу, адам өлтіру фактісіне қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын атап өтті.

«Күдіктілерді ұстау шаралары жүргізілмеді. Себебі іс материалдары өте көп», - деп түсіндірді ол.

Бұл тұрғыда ол күдіктілер әлі де анықталмағанын атап өтті.

«Әзірге, күдіктілер анықталған жоқ. Видео материалдардың барлығы қамтылып, қаралып жатыр. Осыдан кейін шешім қабылданады», - деді Болат Дембаев.

Еске сала кетсек, биыл 7 ақпанда Қордай ауданындағы Масанчи ауылында жаппай төбелес болған.

Ал 8 ақпанда ҚР Президенті Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордай ауданындағы оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясы құрылды.


Соңғы жаңалықтар