Бозоқтан табылған жауынгер Інжу туралы не білеміз – арнайы сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Шамамен 20 жыл бұрын Есілдің сол жағалауындағы Бозоқ ортағасырлық қалашығы орнынан жауынгер әйелдің мүрдесі табылған еді. Археологтар оған Інжу деп ат қойды және ресейлік ғалымдарымен бірлесіп, бюстін жасап шығарды. Көктемгі мереке күні ҚазАқпарат тілшісі Інжу образы жөнінде Бозоқ музей-қорығының ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Ғаниевамен сұхбаттасқан еді.

– Айнагүл Сәбитқызы, сұхбатқа уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет. Ауқымды Бозоқ қалашығының Қазақстан тарихындағы орны өте маңызды, ол туралы көп айтылып-жазылды. Атақты археолог Кемел Ақышевтың Бозоққа жасаған экспедициясына сіздің де қатысқаныңызды білеміз. Бұл Целиноград пен Ақмоланың тарихи тереңде екенін дәлелдеді ғой?

– Бозоқ – тарих ғылымдарының мэтрі Кемел Ақышевтің соңғы ашқан жаңалығы, сол кездің өзінде ғалым 80 жасқа таяған еді. 1990-жылдардың аяғында ел астанасын оңтүстіктен солтүстікке көшірерде «Целиноград орыстардың қаласы, тың игеруде салынды, оның тарихы жоқ» деген пікірлер болды. Елбасы зиялы қауымға ұсыныс жасап, қала тарихын зерттеуді тапсырды. 1950-ші жылдары Ленинградта жас аспирант Кемел Ақышев архивтен ХХ ғасырдың басында Сарыарқаға экспедиция жасаған тау-кен инженері Иван Шангиннің жазбаларын тапқан еді. И. Шангин Қараөткел маңында қала қирандыларын көргенін айтқан. Осылайша 1998 жылы Бозоқ ескерткіші кездейсоқ ашылды. 1999 жылы Есіл стационарлық археологиялық экспедициясы құрылды, мемлекет бұл экспедицияны қолдады, қаражат бөлді, ЕҰУ университетінде археологиялық реконструкция зертханасы ашылды. Бұл зерттеулер әлі де жалғасып келеді.

Бастапқыда Кемел Ақышев бұл орынды Х-ХІІ ғасырдағы Қыпшақ қағанының әскери резиденциясы деп белгіледі. Одан кейін де жүргізілген зерттеулерде жаңа деректер анықталды, нәтижесінде Бозоқтағы 4 тарихи кезең тіркелді: Орта ғасыр дәуірі, VII-X ғасырдағы Түркі қағанаты, содан кейін Х-ХІІ ғасырдағы Қыпшақ хандығы кезеңі және Ұлы Жібек жолы бойындағы қала кезеңі. Ең алдымен Бозоққа шамамен VII-IX ғасырда түркілер келіп қоныстанған. Олардың не үшін көшіп кеткенін түсіндіретін жазба деректер сақталмаған. Біраз уақыт бос тұрған соң, бұл мекенге қыпшақтар көшіп келген. Олар 10-12 ғасырда дуалдарын қайта тұрғызған, қорғанысты күшейткен, мұның бәрі мәдени қабаттардан көрінеді. Қыпшақтардан кейін Алтын орда кезеңі басталады, Жошы ұлысы кезінде бұл жерде адамдар тұрмаған, діни мінәжат ететін орынға айналған. Бозоққа танымал тұлғаларды жерлеген және уақыт өте келе айналасында басқа да мазарлар пайда болған. Осылайша, Бозоқ XIІI-XIV ғасырларда сол заманның элитасы жерленген некропольға айналған. Түркі қорымдары мен мұсылман қорымдарын жерлеу рәсімдеріне қарай ажыратуға болады. Мысалы, мұсылман қорымдары батысқа қарай қойылады, түркі кезеңінде сәйгүлігі мен қару-жарағын бірге көмген, XIV ғасырда жерленген бала мойнынан күміс монета табылды. Қазақ хандығы кезінде де қалашық діни рәсімдер жүргізілетін орын болып қала берді. Ал XVIII-XIX ғасырлар әлі зерттелмеді, жақын арада қазба жұмыстары басталады. Қысқаша айтқанда, осылай.


– Туристер үшін жағымды жаңалық – Бозоқ қалашығы орнындағы ұлттық табиғи-тарихи парктің ашылуы болар еді. Бұл бағыттағы жұмыстар қалай жүріп жатыр? Жаңа кешенде қандай қызықтар болады?

– 2003 жылы Кемел Ақышев Елбасыға зерттеудің қорытындысы мен нәтижелерін баяндады, сол кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Бозоқ археологиялық ескерткіші орнында ұлттық табиғи-тарихи парк ашуды ұсынды. Әрине, 20 жылдан астам уақыт бойы Бозоқта қазба жұмыстары жалғасып келеді. Бұл аралықта 4 монография, ондаған мақалалар жазылды.

Жаңадан ашылатын ұлттық парк тұтас Қазақ хандығының астанасы образында салынбақ. Оның авторы – белгілі сәулетші Алмас Ордабаев. Қазақ хандығы кезеңінде 4 астана болғанын білеміз. Мұнда да цитадель, шахристан және рабаттан құралған, аумағы 10 мың шаршы метрден асатын ортағасырлық қала болады. Цитадельде қала билігі тұрса, шахристанда – тұрғындар мекен екен. Ал рабат – қалаға тамақ пен бұйымдар жеткізетін шеберлер бөлігі. Мұнда қыш жасау, теңге соғу орындары мен базарлық дүңгіршектері болады. Визит орталық жанында жазғы резиденция – хан жайлауы кешені орналасады. Мұнда 7 киіз үй формасында ғимарат салынады. Онда жылыту жүйелері орнатылып, қысы-жазы қонақ үй ретінде пайдалануға болады.


Кешенде барша дала өркениетінің даму тарихы көрсетіледі. Қазақстанның түрлі өңірлерінен табылған тарихи нысандар да салынады. Мысалы, Сырдария сақтарынан қалған Бәбіш молда қалашығы, Қызылордадағы Сараман-Қоса мұнарасы, Қарақалпақстан аумағынан табылған Көшік ғимараты, Батыс Қазақстаннан табылған Түбежік, Шығыс Қазақстаннан табылған айрықша кешен, Батыс түрік қағанаты билеушілерінің мекені – Елеке сазы, ең алғаш жылқыны қолға үйреткен Ботай мәдениеті бар. Барлық нысандар макет түрінде емес, шынайы материалдардан тұрғызылады. Және онда қонақүй ретінде жалға алып, сол кезеңнің адамдары қалай өмір сүргенін көруге болады. Қонақтарға түрлі фестивальдер мен мерекелік шаралар да ұмыт қалмайды. Томирис патшайым қойылымы, қымызмұрындық, асау атты үйрету, шабандоздар өнер көрсетеді. Балаларға әскери ойындар мен ат өнері, садақ ату үйретіледі.

Осылайша Бұзықты көлінің шығыс бөлігіне тарихи нысандар, ал батыс бөлігіне – коммерциялық нысандар салынады. Әкімшілік ғимараты, археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы және жаратылыстану-ғылыми талдаулар зертханасы да ашылады және заманауи құрылғылармен жабдықталады. Себебі елімізде жалғыз антропологиялық зертхана Назарбаев университетінде орналасқан. Одан басқа еш жерде зертету жүргізу мүмкіндігі жоқ. Қазір ескерткіш аумағы толық тексеруден өтті. Ұлттық парк жобасы Үкіметте мақұлданды, Мәдениет министрлігі де қолдау көрсетіп отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы күтіп отырмыз және ғимараттар бірнеше кезекке бөлініп, бірінен кейін бірі тұрғызылады. Әрине, ең алдымен Бозоқ қалашығы реконструкцияланып, визит орталығы ашылады.


– Бозоқтан табылған жауынгер әйелдің мүрдесіне Інжу есімі қайдан берілді? Оның жауынгер екенін қалай анықтадыңыздар?

– Інжу – шамамен 13-14 ғасырға тиесілі моңғол әйелі. Ол Бозоқ қалашығындағы қорымнан кездейсоқ табылған. Әдетте моңғол қабірлерінде жер үстіндегі белгілер болмайды. Бұл жәдігер ұстазымыз Кемал Ақышевтың көзі тірісінде табылған басты жаңалықтардың бірі. 2002 жылы Есіл археологиялық экспедициясы Бозоқ қалашығында қазба жұмыстарын жүргізді және қарағандылық студент Тимур Әбілов осы қабірді тапты. Самайындағы інжу моншақтардың орнын байқаған Тимур оған Інжу деген ат берді. Өткен жылы пандемия кезінде бәріміз шығармашылықпен айналысып, «Бозоқ менің жүрегімде» атты фильм жасадық және Есіл экспедициясы құрамында қазба жұмыстарына қатысқан археологтардың естеліктерін жинадық.

Інжу ағаш табытта жерленген және табыт беті жібек матамен жабылған. Оны матаның қалдықтарынан, жиектерінен байқауға болады. Ресейде Герасимов атындағы антропологиялық институт жәдігерге реконструкция жасады және оның 45-50 жастағы әйел болғанын анықтады. Барлық моңғол қабірлері секілді бұл әйелдің де басы солтүстікке қаратылған. Жібектен тігілген көйлек, мойнында күміс және пасталы моншақтар, құлағында күміс сырға болған. Екі күміс білезіктегі арыстан басты бейнелер – әшекейді Еділ бойындағы шеберлер жасағанын білдіреді. Самайында 200-ден астам іншу моншақтар болған, әрине олардың ізі ғана бізге жетті. Сонымен бірге, күміс тостаған, қанжар, найза және ең қызығы – моңғол әйелінің әдемі бас киімі – Боктаг табылды. Оны кез келген әйел кие бермеген, еңбегі сіңген, моңғол элитасына қабылданған әйелдер ғана киген. Бас киімнің үсті Каури қабыршақтарымен әсемделген. Бұл қабыршақтардың Үндістан аумағынан келетінін ескерсек, сол замандағы сауда-саттық пен халықаралық қатынастардың қалай дамығанын көре аламыз. Яғни, қазіргідей заманауи көліктер болмаса да, адамдар ұлы дала төсінде көші-қон жасаған. Одан басқа, қола айна, қабыршақтан жасалған моншақ табылды. Жерлеу салтанаты, қанжар мен найзаның болуы – оның жауынгер болғанын көрсетеді.

Інжудің табылуы қандай ғылыми тұжырымдарға негіз болды? Бозоқтағы әйелдердің қоғамдағы орнын көрсете алды ма?

– Жалпы көшпенділер қоғамында әйелдер де ерлермен бірдей құқыққа ие болды. Жаугершілік заман болғандықтан ері соғысқа кеткенде, әйел шаңыраққа, балалар мен қарттарға жауапты болды. Өзі де соғысқа қатысқан, ресми келіссөздер мен қабылдауларға қатысқан, пікір айтуға құқылы болған. Оның барлығы осындай жәдігерлермен дәлелденіп келеді, жазба деректер бойынша орта ғасырларда Ибн Баттута түркі әйелдерін еркін, жасқанбай өз ойын айтады, пікір қоса алады деп сипаттайды. Тарихта да тұтас мемлекеттердің саяси өміріне ықпал еткен әйелдерді білеміз. Мысалы Үндістанда түркіден тарайтын Дели сұлтандығын Рәзия сұлтан басқарды. XV-XVI ғасырларда Бұрындық ханның қызы Михр сұлтан ханым Мұхамед Шайбанидің ұлы Темір Шайбаниге тұрмысқа берілді. Михр сұлтан ханым Темірдің сүйікті әйелі болды, 20 жылдан астам отауласты, екі ұлы болды. Күйеуі қайтыс болған соң да, Михр сұлтан ханша болып қалды, медресе сынды нысандар құрылысына демеуші болды, меценат болды. Яғни, билеушілердің әйелі ерінің көлеңкесінде қалмай, ақылымен, сұлулығымен ел игілігіне үлес қосқан. Саяхатшылар көшпенді, жартылай көшпенді қоғамдағы әйелдердің неге мұндай ықпалды болатынын түсінбейтін. Яғни, әйелдер үй ошағын ғана күзетіп қоймай, ерлермен бірдей мүмкіндіктерге ие болатын.


Қазір Бозоқ қалашығы туралы көбірек айтылып, Інжудің 20 жыл бойы көлеңкеде қалғанын түсініп отырмын. Меніңше, Інжу туралы көбірек айту керек. Інжудің табылуы әйелдердің жай сұлу болып қана қоймай, қоғамда да белсенді болғанын көрсетеді. Ол туралы еш мәлімет жоқ, болжам бойынша Моңғол дәуіріндегі билеуші элитаның әйелі болуы мүмкін. Мұнда Жошы ұлысы кезеңінде жоғары шенді ақсүйектер тұрған. Жалпы Қазақстанның орталық өңірі Ұлық Ұлыс деп аталады, өткен жылы Алтын орда кезеңіне тиесілі Жәнібек Шалқар кесенесінде қазба жұмыстары жүрді. Қазіргі уақытта біздің археологиямыз да тың серпіліспен жаңа парақтарын ашуда.

Бозоқтағы әйел образын жасау мүмкіндігі болды ма? Яғни, сол замандағы әйелдер тұрмыс-тіршілігі қандай болды?

– Әрине, сол заманда да Орталық Қазақстан аумағының климаты суық болды, қазір де бізге елорданың бораны оңай боп жатқан жоқ. Орта ғасырларда Бозоқ тұрғындары күнделікті қыш жасаумен айналысуы мүмкін, өйткені біз қыштың орнын таптық, балық қуырған, баспанасын қымтаған, егін екен, шөп орған, мал баққан. Оны Бозоқтағы суару жүйесі мен арықтар айғақтайды. Яғни, дала қоғамында да бәрі ойластырылып, әйелдер мен ерлер өз рөлін атқарған, ұрпақ өрбіткен. Ертедегі және орта ғасырлардағы әйел рөлі тек үймен шектелмеген, еріне қолдау көрсететін ажырамас серігі болған. Әйелдің үн қосу құқығы болды, жесір болғанда да жалғыз қалдырмады, аманат деп қарап, өз келісімімен күйеуінің туыстарына үйлендірген. Қызды төрге шығарып, қонақ деп күту де дәстүрімізде бар. «Әке ұрған ұл оңар, шеше ұрған қыз оңбас» дейді, яғни қызды әлпештеп, аялап өсірген. Өйткені қыздарға келешектегі ұрпақ тәрбиесі, қоғам айнасы тікелей байланысты болған.

Қазақстан қоғамындағы әйелдердің орны жөнінде не айтасыз?

– Жалпы қазақ қоғамында әйелдердің өзіндік орны бар, білім алады, ерлермен бір қатарда жұмыс істейді. Қазіргі әйелдер отбасын да құрып, жұмысын да істеп, балаларын да өсіруге үлгеріп жүр. Заман ағымымен сондай жоғары талап қойылып отыр. Бүгінгідей өзгермелі заманда қыздарды күшті болуға тәрбиелеп жатырмыз, оларды аялап өсіруді, төрге шығарып құрметтеу керегін ұмытып кетеміз. Менің ойымша, әйелдерді жұмыстан бір сағат ерте жіберу ережесін енгізу керек. Оның мойнында үй шаруасы, отбасы, бала тәрбиесі, үй тапсырмасы секілді міндеттер тұрғаны белгілі. Әрине, онсыз да бәріне үлгеріп жүр деуіңіз мүмкін. Бірақ осындай қамқорлықтар жасалса, әйел өзін де ұмытпай, денсаулығына көбірек мән берер еді. Замандастарыма үйлесімді өмір тілеймін, көздеген мақсаттарына жете беруін тілеймін және аға-бауыр, күйеуінің қолдауымен көктемдей жайнап жүруін тілеймін!

Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар