Бразилиядан алтын жүлдемен оралған оқушы журналист болуды армандайды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Бразилияға барып, биология пәні бойынша жоба қорғап, олимпиаданың алтын жүлдесін алып қайтқан өскемендік Әйгерім Тұрғанбаева болашақта журналист болуды армандайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жуықта Өскемендегі «Нұрорда» мектеп-лицейінің оқушылары Бразилияда өткен халықаралық олимпиадада бақ сынаған еді. Алтыннан алқа тағып қайтқан алғыр оқушылардың бірі – Әйгерім.

– Күн демей, түн демей еңбектендік, іздендік. Себебі ғылым табандылықты талап етеді. Әлбетте талабымды ұштаған – ұстаздарым, алғысым шексіз. Ең бастысы қазақ елінің намысын қорғау құрметіне ие болғанымыз үшін қуаныштымыз, – дейді оқушының өзі.

Әйгерім биология пәні бойынша жоба қорғады. Халықаралық қазылардың жоғары бағасын алды. Ғылымға алғашқы әрі сәтті қадамын жасады. Алайда озат оқушы журналистика саласын таңдап отыр. Сондай-ақ өзге де қабілеттері жоқ емес.

Биолог емес, биші болуды армандаған

Әйгерім 2010 жылдан бері «Аққу-үміт» ансамблінің мүшесі. Хореографиямен сегіз жасынан бастап айналысып келеді. Бұл күнде кәсіби биші деуге болады. Еуропаның 16 мемлекетін аралады. Талай додада топ жарып, «Үміт» атты үлкен жанұсының үмітін ақтап келеді.

– Бала күнімнен биге әуеспін. Он жылдың ішінде көптеген жетістікке жеттім. Әрине үлкен анамыз Майра Баймұқанованың үлесі зор. Әрдайым қолдау білдірді. Би өнері менің ажырамас бөлшегім, одан алыстап кетпеймін. Бірақ белгілі бір маман иесі атанып, жұмыс істеуім керек қой. Мен жаныма жақын журналистиканы таңдадым. Шығармашылықтың айналасында жүрсем, өзімді жақсы сезінемін, – дейді кейіпкеріміз.

«Шетелдіктерге «Қазақстан» шоколады қатты ұнады»

Бастапқыда айтқанымыздай, оқушылар Бразилияға сапарлап қайтты. Кейіпкеріміз саяхат барысындағы қызықтарымен бөліскен еді. Оның айтуынша, шетелдіктерді отандық тәттілер тәнті еткен.

– Шетелдік достар бізді жылы қарсы алды. Әңгімеміз жарасып кетті, әсіресе мексикалықтармен. Сондай-ақ португалиялық оқушылармен тез тіл табыстық. Олар бізге сувенир тарту етті. Біз «Қазақстан» шокаладын ұсындық. Қатты сүйсініп, «біздің шокаладтардан дәмі мүлдем өзгеше» деп таңданыс білдіріп жатты, – дейді Әйгерім.

«Ұлттық киім ұпайымызды түгендеді»

– Біз ұлттық нақыштағы оюлы киімдерді киіп бардық. Ел назары бірден бізге ауды. Жалма-жан «Where are you from?» десіп жатты, – дейді Әйгерім.

Оның айтуынша, ұлттық киім қазылардың да көңілінен шыққан:

«Жоба қорғауға шыққанда, қатты толқып тұр едік. Қорқыныш та жоқ емес. Алайда қазылар киімімізге зер салып, жылы жүзбен қайдан келгенімізді сұрағанда, көңіліміз орнына түсіп, батыл сөйлеуге көштік. Кеудемізге мақтаныш сезімі ұялағандай болды. Осы сәттің жетістікке жетуімізге зор ықпал еткені сөзсіз».

Айта кетейік, Әйгерім олимпиада алтынын ала отырып, еліміздегі кез-келген университетте тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Соңғы жаңалықтар