Бүгін елордада жаңажылдық іс-шаралар басталады

None
None
АСТАНА. Желтоқсанның 19-ы. ҚазАқпарат - Елордада желтоқсанның 19-ы мен 31-і аралығында Жаңа жылға арналған салтанатты іс-шаралар өтеді. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің берген кестесіне сәйкес, бүгін Конгресс-Холл сарайында алғашқы іс-шара - Жаңажылдық сыйлықтар көрмесі ашылады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жетімдер, мүмкіндігі шектеулі балалар, сонымен қатар әлеуметтік жағынан тұрмысы төмен, көпбалалы жанұялардың балалары үшін елорданың аудандық әкімдіктері желтоқсанның 20-сы мен 22-сі аралықтарында және 24-інде жаңажылдық шырша өткізеді. Ал Жастар сарайы желтоқсанның 23-і мен 30-ы аралығында би кештерін ұйымдастыруға дайындық жұмыстарын жүргізуде.

Желтоқсанның 24-інде Есіл өзенінің жағалауында және «Көктал» тұрғын үй алабының мәдеинет үйіне қарсы алаңдарда, «Өндіріс» тұрғын  үй алабындағы № 23 орта мектеп аумағында Сарыарқа ауданы орта мектептерінің арасында қардан соғылған мүсіндермен аудан аумағын безендіру байқауы өтеді.

Желтоқсанның 25-інде астаналық циркте «Мұздағы цирк» атты ресейлік жаңажылдық қойылым басталады. Ал желтоқсанның 27-сі мен 30-ы аралығында Бейбітшілік және келісім сарайында Жасөспірімдер театрында жаңажылдық балалар ертеңгілігі өтеді.

Желтоқсанның 25-інде осы сарайдағы  «Атриум» залында дарынды жетім балаларға арналған Президенттік шырша болады, ал кешкі сағат 7-де Тәуелсіздік сарайында Астаналық бал өтеді.

Елордада ұйымдастырылатын барлық Жаңа жылға арналған іс-шаралармен қалалық әкімдіктің ресми сайтынан танысуға болады.

Соңғы жаңалықтар