Бүгін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Өмірбек Жолдасбековке 90 жыл толды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мемлекет және қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, осы жоғары оқу орнында 1970-1986 жылдары аралығында 16 жыл ректор болған Өмірбек Жолдасбековтің 90 жылдық мерейтойына арналған іс шаралар басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған жоғары оқу орнының басшылығы, ғылыми қоғам өкілдері, Өмірбек Жолдасбековтің отбасы мүшелері, кезінде бірге жұмыс істеген әріптестері, дос-жарандары, шәкірттері және студенттер академикті еске алып, рухына тағызым етіп ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Осы жерге жиналған қауым алдында сөйлеген сөзінде Ж.Түймебаев университетте бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан түрлі жобалардың кезінде Ө. Жолдасбеков бастап кеткен игі істердің заңды жалғасы екендігін атап өтті.

«Өмірбек Жолдасбеков ғылым мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген көрнекті тұлға болған. Ол Қазақ ұлттық университеті қалашығының негізін қалап, оны әлемдік деңгейге көтеріп кетті. Ол кісінің ғылыми мектебі қазіргі таңда да жемісті еңбек етіп келеді. Ал өмір жолы, сіңірген еңбектері бүгінгі ұрпаққа қашанда үлгі», -деді университет ректоры.

Сонымен қатар, мерейтой аясында Ө.А. Жолдасбеков атындағы стипендияларды тапсыру рәсімі, математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық байқауы өтеді.

Қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) Құрметті профессоры, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков 1931 жылы 1 наурызда Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қызылсу ауылында дүниеге келді.

1954 М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген.

1954-1958 жылдары - Қазақ химия-технология институтының оқытушысы, аға оқытушысы, механика факультетінің деканы. 1958-1962 жылдары - Мәскеу тоқыма институтының аспиранты, ассистенті. 1962-1970 жылдары - Қазақ политехника институтының (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, деканы, проректоры.

1970-1986 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) ректоры. Қазақ мемлекеттік университеті қалашығының салынуына ұйытқы болып, көптеген жаңа кафедралардың ашылуына басшылық жасады. 1986-1988 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі. 1988-1994 жылдары - Қазақстан Ғылым Академиясының Механика және машинатану институты зертханасының меңгерушісі, директоры, құрметті директоры.

1994-1995 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ғылым, блім және жаңа технологиялар жөніндегі комитетінің төрағасы. 1995-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 1996 жылдан өмірінің соңына дейін Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған.

Ол 1991 жылы Халықаралық инженерлік академияның вице-президенті, 1993 жылы Ислам елдері инженерлік академиясының вице-президенті, 1997 жылы Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесі болып сайланған. Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды.

1970 жылы Өмірбек Арысланұлы 39 жасында С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. Ол басқарған жылдары оқу орны КСРО-да үздіктер қатарына қосылып, ЖОО әлемдік қауымдастығына танылды. Ғалым бар ғұмырын машина мен механизмдердің ғылыми теориясын зерттеуге арнады. Нәтижесінде өндірістің әртүрлі салаларында пайдаланылатын тиімділігі жоғары жаңа көтергіш және тиеу құрылғылары мен роботтар пайда болды.

Ө.Жолдасбеков 30 оқулық пен оқу құралдарын, 400-ден аса ғылыми жұмыс пен 8 монография жазған.120 авторлық куәләндыру мен шетелдік патенттердің авторы. Сонымен қатар, академик ғалымдардың арасында алғашқылардың бірі болып ғылыми терминологияны қазақ тіліне аударды.


Соңғы жаңалықтар