Бүгін Түркістанда ХІ жазғы универсиада ойындары басталады

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан қаласында «Түркістан-Арена» стадионында XI-ші жазғы Универсиаданың ойындарының ресми ашылу салтанаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айтулы шара ел Тәуелсіздігінің және Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Сондай-ақ, «Түркістан - түркі әлемінің рухани астанасы» атанып, аталған спорт шарасы облыс орталығында алғаш рет өтіп отыр.

Бұл туралы брифингте Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова мәлімдеді.

«ХІ жазғы Универсиада - спорттың 30 түрінен еліміздің әр түкпірінен мықтыларды біріктірген ауқымды спорттық-бұқаралық жоба. Универсиада аясындағы жарыстар Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан, Тараз, Қостанай, Өскемен қалаларында өтіп жатыр. Қазіргі таңда 20 университеттің студенттері өзара сайысқа түсуде. Айта кететін жайт, Түркістан қаласындағы XI жазғы универсиаданың ресми ашылу салтанатында еліміздің 20 жоғары оқу орындарынан құралған арнайы шеру, сахналық көріністер, флешмоб өтетін болады. Аталған спорт шарасы Turkistan телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі», - деді Жанар Амангелдіқызы.

Сондай-ақ, брифингке қатысқан ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директоры Тастанбек Есентаев пен халықаралық дәрежедегі төреші, профессор Әбдісадық Халилаев жарысқа қатысып жатқан командалардың дайындығы өте жоғары екенін атап өтті.

Универсиада ойындары кезінде барлық карантин талаптары сақталады.

Спортшылар ПТР тест арқылы қабылданып, жарыстарға жіберіліп жатыр.

Биылғы жеңімпаздар 2022 жылы Қытайда өтетін Дүниежүзілік жазғы универсиадаға Қазақстан құрама командасы сапында ел намысын қорғайды.


Соңғы жаңалықтар