Бүгінгі тағайындау маған артылған үлкен сенім деп білемін – Дәурен Абаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінгі тағайындау, ең алдымен, маған артылған үлкен сенім деп білемін. ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған Дәурен Абаев Facebook-парақшасында осылай жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті достар! Баршаңызға лебіз-тілектеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Еліміздің ақпарат саласына жауапты министрлікке жетекшілік еткен жылдары өздеріңізбен бірге табанды, жемісті еңбек еттік деп санаймын. Біз көтерген бастамаларды қолдап, әркез ой-пікірлеріңіз бен сын-ескертпелеріңізді ашық білдіріп, қоғам үшін маңызды мәселелерге жанашырлық танытқандарыңыз үшін Сіздерге зор алғыс айтамын. Қазіргідей күрделі уақытта қоғамның тас-түйін ауызбірлігі мен белсенді азаматтық ұстаным ауадай қажет», - деп жазды ол.

Сондай-ақ Д.Абаев ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және министрлікке қарасты ұйымдардағы сарапшыдан бастап басшылық құрамына дейін әрбір қызметкеріне ерекше құрмет білдіріп, алғыс айтатынын жеткізді.

«Ал бүгінгі тағайындау, ең алдымен, маған артылған үлкен сенім деп білемін. Тапсырылған қызметті абыроймен атқарып, қажыр-қайрат пен білім-білігімізді Отанымыздың игілігіне арнаймыз», - деді ол.

Еске салайық, бүгін Дәурен Абаев ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.




Соңғы жаңалықтар