Бұхара Ислам мәдениетінің астанасы атанды - Шетелдегі қазақтілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Баян-Өлгийдің спорт саласындағы үздіктері анықталды - KAZNEWS

Баян-Өлгий аймағының спорт саласының үздіктерін анықтауға арналған «Алтан Бамбар – 2019» байқауы өтті. Байқау 31 желтоқсанда қорытындыланып, үздіктер анықталды. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған байқауды аймақтық Спорт және Денешынықтыру басқармасының бастығы Қайнар Қайсанайұлы ашты, деп хабарлайды моңғолиялық KAZNEWS ақпарат порталы.

Спорт саласының үздіктері қатарына «Үздік жас спортшы», «Үздік жасөспірім спортшы», «Үздік бапкер», «Үздік спорт мұғалімі», сондай-ақ «Үздік спорт федерациясы», «Үздік ардагер спортшы», «Үздік спорт клубы», «Үздік спорт құрамасы» марапатталды. Сонымен қатар бұл жолғы спорт саласының үздіктері қатарына «Үздік спорт журналисі», «Спортты қолдаушы үздік ұйым», және «Спортты насихаттаушы үздік ақпараттық агенттігі» – Қабайұлы Өмірбекте (КазНьюс агенттігі үздіксіз 8 жыл бойы спорт саласындағы ақпараттарды таратып келеді) енгізілді.

Орхан Памук туындыларының қанша тілге аударылғанын білесіз бе? - TRT

Нобель сыйлығының лауреаты, түрік жазушысы Орхан Памуктың туындылары 60-тан астам тілге аударылған, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

«1952 жылы Стамбулда өмірге келген Орхан Памук Нобель сыйлығын алған тұңғыш түрік ретінде тарихта қалды. Сонымен бірге ол «TIME» журналы тарапынан әлемдегі ең ықпалды 100 тұлғаның қатарына енгізілді. Жиырма жасына дейін сурет салып, суретші болуды армандаған жазушы Стамбул Техникалық Университетінің сәулет кафедрасында оқыды. Сәулетші де, суретші де бола алмайтынын түсінген ол журналистика мамандығын оқыды. Бірақ бұл мамандықтардың ешбірін кәсіп ете алмайтынын түсініп, 1974 жылы жаза бастады» деп жазады түркиялық БАҚ.

Айта кету керек, әлем көлемінде «көп сатылғандар» тізімінде орын алған жазушы Түркияның күрделі тарихын романдарында халықаралық аренаға таныстырды. 2006 жылы Нобельдің Әдебиет сыйлығына лайықты деп табылып, романдары әлемге таныла бастаған. Жазушының туындылары 60-тан астам тілге аударылды және 13 миллионнан көп сатылды.

Алтайлық спортшы мемлекеттік жарыста «алтын» еншіледі – «Ағажай-Алтай»

Қытайдағы Хилоңжиаң өлкесінде коньки тебу спортынан мемлекеттік чемпионат өтті. Бұл спорттық бәсекеге Қытай елінің жер-жерінен келген 44 командадағы 318 спортшы бақ сынасқан. Аталған жарысқа Алтай аймағы Көктоғай ауданынан келген әуесқой спортшы Ертай Қыранұлы Шынжаң командасы атынан топтық жарысқа қатынасты, деп хабарлайды altxw.com .

Аталған ақпарат көзінің мәліметіне сүйенсек, бұл жарыста ер-әйелдердің 500 метрлік, 1000 метрлік, 1500 метрлік жарысы, қысқа аралықты топтық жарысы, әйелдердің 3000 метрлік, ерлердің 5000 метрлік жарысы сияқты 14 түрлі жарыс өткізілген екен.

«Чемпионат өткізілген күні қандасымыз Ертай Қыранұлы Шынжаңның аралас A командасы атынан қатысып, мемлекеттік бәсекеде «алтын» медаль еншіледі. Сондай-ақ Ертайдың жерлесі Ерғанат Айтнамаұлы да ерлер тобының 5000 метрлік республикалық жарысында 9–шы орынды еншілеп, көрнекі натижеге қол жеткізді», деп түйіндейді қытайдық БАҚ.

Бұхара Ислам мәдениетінің астанасы атанды - «ӨзА»

Орта ғасырдың мәдени ошағы мен діни білім орталығына айналған Бұхара жыл басы 1 қаңтардан бастап Ислам мәдениетінің астанасы атанды, деп хабарлайды Uza.uz ақпараттық порталы.

«Ұлы ғұламалар мен кемеңгер ойшылдардың басын қосып әлемдік жаратылыстарға арқау болған, Орталық Азияны былай алғанда шығыс пен батыстағы өркениеттің қайнар ошағы саналған көне Бұхара қаласы Ислам ынтымақтастық ұйымының мақұлдауы мен биыл 2020 жыл Азиядағы Ислам мәдениеті астанасы болып жарияланды» деп жазады «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған ақпарат көзінің мәліметінше, жыл сайынғы дәстүр бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымы әлемдегі мұсылман мемлекеттерінен құралған үш қаланы Ислам мәдениеті астанасы деп жариялайды. Сол тұрғыдан Азиядан «Бұхара» болса, Араб елдерінен «Каир», Африка мұсылман елдерінен «Бомако» 2020 жылда Ислам мәдениеті астанасы деп жарияланған.

Шіңгіл ауданы дәстүрлі мәдениет шарасын өткізді – «Ағажай-Алтай»

1-2 қаңтар күндері Шіңгіл ауданы ерекше дәстүрлі мәдениет шарасын өткізді, деп жазады «Ағажай-Алтай» порталы.

Биылғы жаңа жылды қарсы алу «Дәстүрлі мәдени туристік мереке» деп аталды. Олай аталу себебі бұл жолғы мәдени шара жалпыхалықтық деңгейде өткен.

Шіңгіл аудандық ойын-сауық үйірмесі арнайы дайындаған көнцерт нөмірлерімен мәдени шараның көрігін қыздырған.

«Егінші-малшылар әшекейлеп жасаған шана, арбалары арқылы туристерге қызмет өтті. Мәдени шара барысында, байырғы қар шаңғы жарысы, қысқы фотбол жарысы, ат байге, шаңғы тебу, қазақша күрес, тас көтеру, машина сүйреу қатарлы әртүрлі спорттық шаралар арқылы келушілердің көңілінен шықты» деп жазады қытайлық басылым.

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, Шіңгіл ауданы мәдени туризм кәсібін дамытып, сан-алуан көңіл ашу шараларын ұйымдастырып, қысқы туризм арқылы ауданның экономикасын дамытуға күш салуда.

Өзбекстандағы «Қазақстан жылы» қандай деңгейде өтті? – «ӨзА»

2017 жылдың 16-17 қыркүйек күндері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Өзбекстан Республикасында болып, сапар барысындағы келіссөз нәтижесінде Шавкат Мирзияев пен бауырлас екі халықтың арасындағы жақындастықты одан әрі тереңдетуге септігі тиер бастама көтеріп, онда 2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізуге, ал 2019 жылда Өзбекстанда Қазақстан жылын өткізу жайлы келісім жасасқан болатын.

Осы келісімге орай өткен жылы Қазақстанда Өзбекстан жылы жоғары деңгейде өтіп, осынау әлқисса бастаманың жалғасы ретінде биыл Өзбекстанда Қазақстан жылы жалғасын тапты» деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Өзбекстандық БАҚ осылай айта келе өткен 2019 жылы Өзбекстандағы «Қазақстан жылы» қандай деңгейде өткенін, қандай саяси, мәдени, экономикалық, ынтымақтастық бағыттағы іс-шаралар болғаны жайында кеңінен шолу жасаған.

«Түркінің тарихы жаралғалы тамыры бір қазақ пен өзбек елінің бірлігі, аспаны бір, діні бір, салт-дәстүрі ортақ екі елдің бауырлас болуы мен көрші келуі Алланың берген сыйы. Биылғы өткен Өзбекстандағы «Қазақстан жылы» аясында тарихта болмаған жұмыстар атқарылып, екі халықтың арасындағы жақындастық тағыда тереңдей түскені сөзсіз. Екі халықтың бүгінгі күнгі көрінісін Президентіміз Шавкат Мирзияев: «Ата-бабаларымыз біздің қазіргі достығымызды, шынайы әрі ашық байланыстарымызды көргенде қуанатын еді» деген болатын» деп шолуын түйіндейді uza.uz.


Соңғы жаңалықтар