Бурабайда жаңа мешіт ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысы, Бурабай кентіндегі мешіт құрылысы бір жылға жуық уақыттың ішінде тұрғызылып, бүгін халық игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ағаштан салынған мешіттің ескі ғимараты өрттен қирап қалғандықтан, Бурабай кентінің тұрғындары мен қонақтары шамамен бір жылдай мешітке бара алмады. Жаңа мешіттің ғимараты ҚР Президентінің Іс басқармасының бастамасымен қайырымдылық қорының есебінен жылға жуық уақытта салынып бітті.

Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстанның бас мүфтиі Серікбай қажы Ораз және Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин қатысты.

«Биылғы жыл біздің облыс үшін, айтулы оқиғаларға толы болды. Астананың 20 жылдығымен қатар, Ерейментау, Сандықтау, Есіл аудандарының мерейтойлары аталып өтуде. Сонымен қатар өңірлерде әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Целиноград ауданы, Ақмола ауылында тұңғыш Президент саябағы мен мәдени сауықтыру орталығы ашылды. Одан бөлек, Сандықтау ауданы, Максимовка ауылында жаңа мұражай, Біржан сал ауданында жаңа мектеп ашылды. Осындай айтулы шаралардың қатарын Бурабай ауданының 90 жылдығы толықтырды. Бүгін міне, ауданның мерейтойы қарсаңында жаңа мешіт пайдалануға беріліп отыр. Қазақстан көпконфессиялы мемлекет және дін мәселесіне көп көңіл бөледі. Біз үшін барлық ұлттар арасындағы түсіністік, бейбітшілік пен келісім мемлекет саясатының басты стратегиясы. Мешіттің әсем безендірілуі мен ерекше сәулеті көз қуантады. Бұл Бурабай кентінің халқына тамаша тарту. Жаңа мешіт ел игілігі үшін қызмет етіп, жас ұрпақты ізгі қасиеттерге тәрбиелейді деп сенемін», - деді Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин.
null 

Жалпы алаңы 1659 шаршы метрді құрайтын, 150 орындық мешіт үш қабаттан тұрады, соның ішінде ерлер мен әйелдерге арналған екі ғибадат бөлмесі, кітапхана, имамның кабинеті, 140 орындық қатымхана (ас беретін зал) бар. Келушілерге қолайлы болу үшін ғимараттың айналасында автотұрақ, гүлзарлар және жаяу жүргінші жолдары жасалған.

«Елдігіміздің, бірлігіміздің нақты айғағы ретінде біз мұсылман дінін ұстанған және сол бабалардың ізін жалғастырушы ретінде қандай әсем мешіттер салып жатырмыз. Бүгін Бурабайдың мерейтойымен бірге, еліміздің көрікті жері мен архитектурасы ұрпақтан ұрпаққа тарихи мұра болып қалатын рухани ізгіліктің куәсі болып отырмыз. Жаңа есігін ашқан Алланың үйі біздің ұрпақтарымызға, елін, жерін, Отанын сүюге және ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуге себепкер болсын», - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, Серікбай қажы Ораз.

null 

Соңғы жаңалықтар