БҰҰ елдерінің жастарымен бірлесіп экологиялық акция өткізуді ұсындық - Аида Балаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылғы 7-8 сәуірде онлайн форматта БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің Х Жастар форумы (ЭКОСОС) өтті.

Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Форумның негізгі тақырыбы – «Тұрақты дамудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілеріне ықпал ететін COVID-19 пандемиясынан кейінгі тұрақтылық пен өмірге төзімділікті қайта қалпына келтіру».

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзінің бейнеүндеуінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында айтқан Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырды.

Сондай-ақ, АҚДМ басшысы 2021 жылы экологиялық ағарту саласында бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

«Елдің тұрақты дамуының маңызды негізі қоғамның экологиялық сауатын арттыру, қоғамның экологиялық мәдениеті болып табылады. Министрлік 2021 жылы БҰҰ елдерінің жастарын тарта отырып, «Таза планета» бірлескен экологиялық акциясын өткізуді ұсынады», — деді А.Балаева.

Сонымен қатар, министр өзбек тарапының БҰҰ алаңында жастар мәселелері бойынша достастық тобын құру және БҰҰ-ның жастар құқықтары туралы халықаралық конвенция жобасын ілгерілету туралы бастамасын Қазақстан қолдайтынын атап өтті.

Айта кетейік, ECOSOC Жастар форумы - жастардың өміріне әсер ететін проблемаларды шешу мәселелері бойынша мүше мемлекеттер мен бүкіл әлемнің жас көшбасшылары арасындағы ашық диалог үшін құрылған жаһандық алаң болып табылады.


Соңғы жаңалықтар