БҰҰ, USAID және The Asia Foundation ұйымдарында жұмыс істеген қазақ қызы - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Түрік дәрігерлер тәжірибелерін қазақ әріптестерімен бөлісті -TRT

Бұл туралы Түркия радио телевизия порталы жазды.

Түрік дәрігерлер тәжірибелерін қазақ әріптестерімен бөлісті. Түрікстанда өткен симпозиумға қатысқан дәрігерлер балаларда туа біткен аурулар және омырау қатерлі ісігінің хирургиялық емі тақырыптарын талқылады, деп жазды TRT.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегінше, симпозиумға қатысқан түрік дәрігерлер өз тәжірибелерімен бөліскен. Шарада балалардың туа біткен аурулары мен омырау қатерлі ісігінің хирургиялық емі қарастырылған. Симпозиумға Түркияның беделді клиникаларының дәрігерлері шақырылды.

«Өз тәжірибесін баяндап берген профессор Селами Сөзібір пандемия жағдайында осындай жиналыстар ұйымдастырудың дәрігерлер үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты. Айырықша қазақ әріптестерімен ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатымен бірігіп жұмыстанудың жалғасатынын білдірді», деп жазады TRT.

Айта кетейік, Шараға Түркістан облысының түрлі аудандарының дәрігерлері қатысты. Облыста 23 мың 429 медицина қызметкері жұмыс істейді. Олардың бес мыңнан астамы дәрігерлер.

Қазақстан өзі өндірген вакцинаны егуді бастады - «Жэньминь жибао» (People Daily)

Осы аптада Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы Қазақстан туралы төрт ақпарат жариялады. Соның бірі Қазақстанның коронавирусқа қарсы өзі өнлірген QazVac вакцинасы туралы шағын мақала.

Айта кету керек, күллі адамзат денсаулығына қатер төндіріп тұрған бүгінгідей аса қауіпті індетке қарсы Қазақстан ғалымдарының жасаған вакцинасы Қытай елінің де назарын аудартқан.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы қазақстандық QazVac вакцинасын салдырды. Осылайша Қазақстанда биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында шығарылған QazCovid-in вакцинасын салдыру басталды, деп жазады қытайлық БАҚ.

«26 сәуір күні Қазақстанда QazVac-ты егу жұмысын бастады. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, вице-министр Марат Шоранов бірінші болып қазақстандық вакцинаны ектірді. Қазірге дейін, Қазақстанда биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының базасында өндірілген 50 мың дана вакцина облыстарға жеткізілді. Келесі қадамда 25 мың адамға вакцина егу жоспарлануда. Мұның ішінде Нұр- Сұлтан қаласы мен Алматы қаласының әрқайсысына 6000 вакцина бөлінді. Шымкент қаласы, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының әрқайсысына 4000 дана вакцинадан, басқа аймақтарғада 2000 данадан бөлінді. Вакцинамен қамтамасыз етуді кеңейту үшін, Қазақстан үкіметі Жамбыл облысында жаңадан биологиялық дәрі жасау зауытын салды», деп жазды Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы.

Қазақ қызының шетелде білім алу және халықаралық ұйымдарда қызметі туралы- Kaznews

Моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталында жасөспірім шағында-ақ ЖОО табалдырығын аттаған, есейе келе шетел асып, білімін, ісікерлігін шыңдаған қазақ қызы туралы мақала жарық көрді.

«Университет табалдырығын 15 жасында аттап, 19 жасында шетелдік жоғарғы оқу орындарына магистрантураға түскен Дәуренгүл Ғалымбекқызы жайлы білеміз бе?» деп басталады аталған жазба.


Дәуренгүл Ғалымбекқызы 1982 жылы Моңғолияның Хэнтий аймағында туған. Хэнтий аймағының жалпы білім беретін орта мектебінің түлегі. Ауыл шаруашылық университетін Агро-экономика мамандығы мен Моңғолия Ұлттық университетін заңгер мамандығымен тәмамдаған. Германияның Фрайсинг қаласында орналасқан Вайнштефан Университетінен Іскерлік басқару магистрі (МВА) дәрежесін алған. JICA, UNDP, UNFPA, USAID және The Asia Foundation халықаралық ұйымдарда қызмет атқарған.

Бұл жолғы жазбада Дәуренгүл Ғалымбекқызының өзі және отбасы туралы, мамандық таңдау және шетелге оқу гранттары жөнінде кеңінен тоқталып өткен. Сонымен қатар Д. Ғалымбекқызы өзі барып оқу оқыған Германиядағы неміс халқынан үйренген үлгі-өнеге, олардың пайдасы жайында сыр шертеді. Мақала соңында ол жұмысқа орналасуы жайында, сондай-ақ қазіргі қызметі жайлы да ойларымен бөліскен.

Қазақ пен Иран ғалымдары бірлесіп қолжазбарды қалпына келтірмек - Parstoday

Қазақстанның «Ғылым ордасы» РМК Ираннан өзінің қолжазба нұсқаларын қалпына келтіруге көмектесуді сұрады, деп хабарлайды Рarstoday.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Иранның Алматыдағы бас консулы Мохсен Фоғани мен ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ғылым ордасы» РМК Бас директоры Лейла Әбубәкіровамен кездесуінде екі елдің ғылым мен мәдениет саласында әріптестікті дамытуы туралы келісімдерге қол жеткізді.

Әбубәкірованың айтуынша, Қазақстанда 100 мыңнан аса қолжазба кітап бар, олардың шамамен 30 мыңы шығыс тілдерінде, соның ішінде парсы, араб, қытай және түркі тілдерінде жазылған.

«Ол (Лейла Әбубәкірова - автор) парсы тілінде жүздеген қолжазба мен төте жазумен жазылған қазақ, орыс және ұйғыр тіліндегі кітаптардың барына тоқталып, Ираннан осы кітаптарды қалпына келтіріп, нұсқаларды оқуға көмектесуді сұрады. Кездесудің соңында Фоғани осы орталықтағы парсы, түркі, қазақ және орыс тілдеріндегі қолжазбалар мұражайы мен парсы тіліндегі нұсқалар қорын тамашалады», деп жазды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.


Соңғы жаңалықтар