БҰҰ жүйесінде Қазақстаннан 71 волонтер қызмет етуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – БҰҰ жүйесінде Қазақстаннан 71 волонтер қызмет етеді, оның ішінде 42 әйел бар. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықаралық волонтерлікті дамыту жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Бүгінде БҰҰ жүйесінде Қазақстаннан 71 волонтер қызмет етеді, оның ішінде 42 әйел бар және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен БҰҰЕ арасындағы әріптестік туралы келісім шеңберінде 7 волонтер БҰҰ-ның түрлі агенттіктеріне жіберілген», - деді Мадияр Қожахмет Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Спикердің айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің волонтерлік ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен волонтерлік кеңес жұмыс істейді, бүгін де осы кеңестің отырысы өтеді.

«Өткен жылы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында алдағы жылдардың бірін волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылы деп жариялау бастамасын көтерді. Бүгінгі таңда жауапты министрліктер мен БҰҰ оны ілгерілету бойынша жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Даму мақсатында еріктілерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы БҰҰ-ның тиісті қарарын қабылдау мәселесі қарастырылуда.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл алдағы орта мерзімді кезеңге арналған және тұжырымдамалық қадамдарды көздейтін волонтерлікті дамытудың 2021 - 2023 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Қазір жобаны ҚР Үкіметінің қаулысымен қабылдау күтілуде», - дейді М. Қожахмет.

Бұған дейін спикер пандемия жағдайында волонтерлердің қалай жұмыс істегенін айтып берген еді.

Зейнетке шығарда волонтерлік қызмет өтілін есепке алу секілді бірқатар ынталандыру шаралары да қарастырылуда.


Соңғы жаңалықтар