Бұзылып, жолда қалған автобус жолаушыларына көмек көрсетілді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Жолда қалған «Нұр-Сұлтан - Семей» автобусына полиция қызметкерлері көмек көрсеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«16 қараша күні сағат 04.15 уақытында «Павлодар - Қызылорда» жолында, Шідерті ауылына жақын маңда Павлодар облысының полиция патрулі – капитан Аманжол Бейсембаев пен лейтенант Қанат Нұриманов қозғалыссыз тұрған автобусты көреді. Тәртіп сақшылары автобусқа жақындап, оның «Нұр-Сұлтан - Семей» бағытында жүретінін, ішінде 49 жолаушы бар екенін анықтаған. Оның төртеуі - бала», - деп хабарлайды Павлодар облыстық полиция департаментінен.

Автобус жазғы дизель отынымен жүргені белгілі болып отыр.

«Полиция қызметкерлері оқиға туралы Төтенше жағдайлар департаментіне хабар беріп, басқа автобус тауып беруге күш салды. Одан кейін жолаушыларды «Ақжол» кэмпингіне жеткізіп, жылы жерге орналастырған. Зардап шеккендер жоқ» делінген хабарламада.

Таңғы сағат 07.40 кезінде жолаушылар басқа автобусқа отырып, діттеген жеріне аттанып кеткен.

Соңғы жаңалықтар