Былтыр Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 1,5 млн адам келген

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат -2019 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 1,5 миллион адам келген. Осы көрсеткішті 2025 жылы 5 млн-ға жеткізу жоспарланып отыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында осылай мәлім етті.

Мейіржан Мырзалиевтің айтуынша, өңірдің туризм саласының негізгі индикаторлары алдыңғы жылдармен салыстырғанда өсіп келеді.

«2019 жылдың 11 айында орналастыру және тамақтану орындарына тартылған инвестиция көлемі 13 млрд теңгеге жетіп, республикада үздік үштікке кіріп отырмыз. Түркістан-Отырар бағытында тарихи-мәдени, Сарыағаш курорты аумағында емдік-сауықтыру, Түлкібас, Төле би аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жалпы облыста 168 қонақ үй, 51 шипажай, 60 демалыс базасы қызмет көрсетеді. Экологиялық, тарихи-танымдық туризм бағытында 57 турист маршруты әзірленген. Биыл 20 орналастыру орындарын ашу жоспарлануда. Олардың қатарында 8 қонақ үй жаңадан іске қосылса, 7 қонақ үй қайта жөндеуден өткізіледі. 5 емдік-сауықтыру орны ашылады. Сондай-ақ, Түркістан қаласында орналастыру орындарын халықаралық талаптарға сәйкестендіру үшін қонақ үйлер күрделі жөндеуде өткізілуде.

Қазіргі таңда, Түркістан қаласында туристерге толық ақпарат ұсынатын «Визит орталықтың», «Ұлы Жібек жолының ұлттық дәстүрлі қолөнер орталығының», халықаралық әуежайдың, «Ясауи мұражайының» және т.б. нысандардың құрылысы жүргізілуде.


Соңғы жаңалықтар