Бюджеттің миллиардтаған қаржысы жұмсалған: «Тараз» Химпарк» АЭА түйіткілі қаралды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келіп, салаға қатысты бірқатар мәселелермен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нақтырақ айтсақ, министр Бейбіт Атамқұловтың, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Шу ауданында арнайы кеңес өтті. Жиында көтерілген мәселелердің бірі - «Тараз» Химпарк» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясына қатысты көптеген сын айтылды.

«Соңғы жылдары іс жүзінде ешқандай өзгеріс жоқ. Өткен жылы қант зауытының құрылысы басталуы керек еді, әлі сол қалпында тұр. Миллиардтаған бюджет қаржысы жұмсалғанымен, нәтижесі жоқ деуге болады. Сонымен қатар, мұнда үлкен жалақысы бар көптеген штат ашылған. Егер жұмыс істейтін жобалары болмаса, олар не үшін ақша алып отыр?» – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Белгілі болғандай, басқарушылар штаты 147-ден 75 адамға дейін қысқартылған. Мұнда 16 нысан пайдалануға берілген және олар тек инженерлік инфрақұрылымға ғана қатысты.

Аймақ басшысы министрге «Тараз» Химпарк» АЭА-ны дамыту мәселесін қарастыру үшін арнайы селекторлық кеңес шақыруды ұсынды. Ұсыныс қабылданды.

«Келісемін, салынған қаражат ауқымды, олардың жұмсалуы бойынша есеп беру керекпіз», - деп атап өтті Бейбіт Атамқұлов.

Айта кетейік, «Тараз» Химпарк» – бұл Қазақстан аумағындағы оныншы арнайы экономикалық аймақ. «TARAZ INVEST-2012» халықаралық форумында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға қарасты «Біріккен химиялық компания» ЖШС жобаның тұсауын кескен болатын. Онда инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар, қолайлы преференциялар және қажетті ресурстар мен инфрақұрылымды қамтамасыз ете отырып, жоғары тиімді технологияларға негізделген жаңа химиялық зауыттар құру жоспарланған болатын. Ол үшін 505 гектар жер қарастырылған.

Басқосу соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысында битум шығаратын зауыт салуды ұсынды.

«Жер бөлу және инфрақұрылым жүргізуде ешқандай мәселе болмайды. Сондай-ақ, құрылыс ұйымдары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сияқты тұжырымдаманы ұмытпауы тиіс. Жергілікті жұртшылықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесіңіздер», - деді аймақ басшысы.




Соңғы жаңалықтар