CҚО-да әлеуметтік маңызы бар 13 нысанның құрылысы жүріп жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл 13 әлеуметтік нысан бой көтермек, оның ішінде білім беру мекемелері, емханалар мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендері бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, 13 нысанның құрылысына қаражат бөлінген. Жобаларды жүзеге асыруға 2 мыңға жуық құрылысшы тартылады.

Петропавлдағы Уәлиханов көшесінің бойындағы «Орталық» шағын ауданында тұрғын үй кешендері көптеп бой көтеріп жатыр. Биыл жаңа оқу жылында мұнда 900 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріледі.

Жергілікті университеттің оқу-зертханалық корпусы жыл соңына дейін салынып бітпек. Ғимаратта 73 заманауи зертхана орналасады.

Қазір жоғары оқу орнында 7,5 мың студент болса, биыл олардың санын 10 мыңға жеткізу міндеті тұр. Ол үшін нарықта сұранысқа ие жаңа мамандықтар ашылмақ.

Сондай-ақ студенттердің жатақхана мәселесі де шешіледі. Қазір 1200 орынға арналған екі жатақхананың жобалық-сметалық құжаттары сараптамаға жіберілді.

Бұл ең бастысы жастарды өңірде ұстап қалуға жағдай жасамақ.

244 орынға арналған жатақхана дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернат-колледж оқушыларына да салынып жатыр.

Жоба құны - 740 млн теңге. Келер жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға берілмек.

«Петропавлдағы екі жаңа шағын ауданда емхана құрылысы жүріп жатыр. «Берекедегі» емхана 250 адамдық. Бөлінген қаржының жартысына жуығы игерілді. Жоба түзетуге жіберілмек. «Жас Өркендегі» емхана да 250 адамға шақталған. Оның құрылысы биыл басталады. Шағын аудан дамып келеді, сол себепті медициналық мекемеге қажеттілік жоғары», - дейді Сәтжан Аблалиев.

Бұдан басқа облыстың жеті ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, ал төрт ауданда жабық хоккей корттары салынып жатыр.

«Айыртау ауданы Саумалкөлдегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені бойынша мәселе бар. Мұндағы жұмыстар уақытша тоқтатылды. Мердігер «Севимсталькон» ЖШС құрылыс жүргізу лицензиясынан айырылды. Іс сотқа дейін жетті», - дейді облыс әкімінің орынбасары.


Соңғы жаңалықтар